Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық көпбейінді ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиынға салалық министрліктің өкілдері, өңірдегі денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәжілісті жүргізіп, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылы Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кіріскеннен кейін ең бірінші «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Елімізде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыстың медицина саласына 146 млрд 200 млн теңге қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен 11 айдың қорытындысымен негізгі көрсеткіштерде оң динамика қалыптасты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 27 медициналық нысан салу жоспарланып, өткен жылы 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталды. Қалған 11 нысанның құрылысы жақын күндері аяқталып, іске қосылады», – деді Н.Нәлібаев.
Мәжілісте Тамара Дүйсенова денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жобаларға тоқталып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, «Әлеуметтік- медициналық сақтандыру қорының» басқарма төрағасы Әбілқайыр Сқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков сөз алып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Айта кету керек, өңірімізде 4 млрд 500 млн теңгеге төрт көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған. Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше, Шиелі көпбейінді ауруханасының қосымша құрылысы басталды. Қалған қосымша құрылыстар келесі жылы бой көтереді.
Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде. Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсек-орынға, Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториямен қоса 15 төсек-орынға арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталды. Жаңа нысандар жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Ана мен бала өмірін қорғау басты назарда. Жыл басында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, перинаталдық бөлім ашылды. Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Жақын күндері осындай орталық Арал ауданында ашылатын болады.
Соңғы 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 санитарлық автокөлік табысталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<