Үкімет елдің 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарайды

8

0

Фото: Үкімет

Бүгін сағат 9:00–де Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері 2025 жылғы қаңтар-қараша айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын және республикалық бюджеттің атқарылу барысын талқылайды. Ал отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов қатысып, БАҚ өкілдері тарапынан туындай сауалдарға жауап береді.

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректері бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті. Тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызмет көрсету 5,3%-ға артты.

ЖІӨ-нің өсуіне анағұрлым ең көп үлесті өнеркәсіп (өсім 7,3%) саласы қосты, оның жалпы өсімдегі мөлшері — 30%. Ал сауда және көлік салаларымен қосқанда 70%-дан асады.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 5,8% болды. Бұл жекелеген бағыттар бойынша өнім шығарудың ұлғаюы есебінен қалыптасып отыр.

Олардың ішінде:

• машина жасау — 11,5%-ға,
оның ішінде автомобиль құрастыру — 13,3%-ға,
• химия өнеркәсібі — 10,9%-ға,
• азық-түлік — 9,1%-ға,
• мұнай өнімдері — 6,3%-ға,
• металл бұйымдары — 14,1%-ға,
• құрылыс материалдары — 5,3%-ға өсті.

Құрылыс саласында өсім ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен байланысты болып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемінің артуы 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі 14,9%-бен салыстырғанда 15,1%-ды құрады.

Ауыл шаруашылығы саласы маусымдық өсу фазасына енді. Жалпы өнім көлемі қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 1,0 п. т.-ға жеделдеп, 5,4%-ға артты. Өсімдік шаруашылығында өсім 6,7%-ға, мал шаруашылығында 3,4%-ға жетті. Жалпы өнімнің өсуі мемлекеттік қолдау шараларымен, агротехнологияларды сақтаумен және егін жинау кезіндегі қолайлы ауа-райымен байланысты болып отыр. Бірқатар өңірде дәнді дақылдардың өнімділігі артты, олардың ішінде Ақмола (+13,6%), Қостанай (+14,9%) және Павлодар (+7,4%) облыстары бар. Сүт өндірісі 5,2%-ға, ет өндірісі 2,8%-ға, жұмыртқа өндірісі 1,4%-ға өсті.

Саудада өсім деңгейі 9%-ды құрады. Өсу қарқыны саладағы үлесі 66,5% болатын көтерме сауда кәсіпорындарында байқалып отыр. Айналымның ұлғаюы Павлодар, Атырау облыстары мен Астана қаласында тіркелген.

Көлік саласында да өсімнің жоғарғы қарқыны сақталып отыр. Барлық көлік түрі бойынша тасымалдың өсуіне байланысты көлік қызметінің көлемі 20,7%-ға артты.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыға салынды. Алайда, күн тәртідіне шығарылған мәселе қаралмастан бұрын еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету жайы қаралды. 

— Отырыстың күн тәртібінен тыс алдағы вегетация кезеңінде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесін тыңдаймыз. Өткен аптада Қанат Алдабергенұлы (Премьер-министрдің орынбасары Бозымбаев) және Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрлерімен бірге оңтүстік аймақтарға барып, жергілікті халықпен бірнеше кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме берген болатын, — деді отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов.

Негізі мәселе бойынша сөз алған Қанат Бозымбаев 4-5 желтоқсан аралығында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында Су ресурстары министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдіктері, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы ұйымдары және шаруа қожалықтары өкілдерінің қатысуымен көшпелі кеңестер өткізілгенін атап өтті.

— Үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды. Шардара су қоймасына су келуі 43 пайызға төмендеді. Нарын-Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1-2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41 пайызды құрайды. Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар, — деді ол.

Осы ретте Премьер-министр Су ресурстары министрлігіне бекітілген лимиттерден тым көп су беру жағдайларының алдын алуды тапсырды.

— Бұл өте өзекті мәселе. Мен қайталап айтамын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті. Алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуі тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта біз 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек. 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады. Бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселені мен өзім жеке бақылауымда ұстап отырмын. Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкімдіктері қажетті су көлемін дер кезінде келуін қамтамасыз ету үшін көршілес мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізуі қажет, — деді Олжас Бектенов.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндама жасаған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында ел аумағында көрсетілген көлік қызметінің көлемі 20 пайыз өсім көрсеткенін айтты. 

— Жылдың 10 айында көлік қызметтерінің көлемі 20,7 пайыз өсіп, негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4 пайыз артты. Ал транзиттік жүк көлемі 29,4 млн тоннаға жетті, 5 пайыздық өсім көрсетті, — деді министр.

Ал ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, транзит тасымалы да жыл сайын артып отыр. 

— Биыл 27,9 млн тонна болды. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 12 пайыз көп. Ал вагондармен есептейтін болсақ, 84 мыңға артық. Өсім — 15 пайыз. Мұндай көрсеткішке теміржол инфрақұрылымын дамытудағы мемлекет қолдауының арқасында жетіп отырмыз. Жыл соңына дейін халықаралық теміржол дәліздері бойынша транзиттік және экспорттық контейнерлік тасымал көлемі 1,7 млн ЖФЭ (жиырма фунттық эквивалент — ред.) болады. Ал компанияның осы жылға арналған жоспарында тек контейнерлік транзит көлемін 1,5 млн ЖФЭ-ге жеткізу міндеті тұр, — деді компания басшысы.

Осы орайда Үкімет басшысы Талғат Алдыбергеновке Өзбекстанға қарай теміржолда жүк вагондары жинақталып қалғанын айтып, қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады. 

Компания басшысының айтуынша, 7-8 желтоқсанда Сарыағаш пен Ташкентте Өзбекстан көлік министрімен кездесу өткізілген.

— Нәтижесінде бірлескен шешімдер қабылданды. Бірінші, Өзбекстан жедел штаб құрды. Екінші, Өзбекстанда барлық өкілетті ведомство тәулік бойы жұмыс режиміне көшті. Үшінші, Өзбекстан темір жолдары тәулігіне 1 800 вагон, 35 пойыз, оның ішінде 250 астық ұнтақтау өнімдері және басқа тауарлар бар вагондарды қабылдайтын болды. Қазір жағдай тұрақты. Астық экспортқа ашық шығарылып жатыр, — деді ол.

Премьер-министр бұл мәселені тездетіп толық шешу қажеттігін ескертті.

— Осындай жағдайға жол берген компанияның лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тартыңыздар. Маған баяндаңыз, — деп ескертті Үкімет басшысы.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардан түскен ақшаны қайда жұмсап жатқандарын айтты. 

— 2025 жылы 1700 шақырым болатын 9 жаңа учаске ақылы жолдарға қосылды. Осылайша ақылы учаскелердің жалпы саны 26-ға жетіп, ұзындығы 4900 шақырым болды. 11 айда ақылы жолдардан 79 млрд теңге түсті, — деді ол.

Күн тәртібіне шығарылған мәселе қаралып болғаннан кейін Олжас Бектенов шекаралық және тораптық станцияларда жүктерді өңдеу уақытын қысқартуды,  халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыруды тапсырды.

Сондай-ақ өңір әкімдіктеріне 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жергілікті жолдарды толық паспорттауды аяқтауды жүктеді. 

— Автомобиль жолдарын нормативтік жағдайда күтіп-ұстау үшін автожол жобаларын іске асырудың цифрлық мониторингін қамтамасыз ету керек. Өңір әкімдіктері 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жергілікті жолдарды толық паспорттауды аяқтасын. Сондай-ақ автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнатуды жеделдетсін. Іске қосылатын «E жолдар» жүйесі жолдардың жағдайын есепке алу, ақауларды тіркеу және жұмыстардың орындалуын онлайн-режимде бақылау құралы болуға тиіс, — деді Үкімет басшысы.