Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы және басқа да мәселелер талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, алдағы мереке күндеріндегі жұмыс бағытын белгіледі.
«Бүгін Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы қаралып, Үкімет басшысы орталық атқарушы органдар мен өңір әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Аймақта спорт саласын дамытуда маңызды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаржы бөлінді.
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, спорт инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыруға басымдық берілген.
Алдағы уақытта барлық мүмкіндікті пайдаланып, қысқы спорт түрлерін өркендету қажет. Ол үшін «Мұз айдыны» спорт кешенінің, спорт мектептерінің әлеуетін толық пайдаланыңыздар.
Қажет болса, қысқы спорт түрлеріне арналған кешен салу жобасын зерделеп, нақты ұсыныс енгізіңіздер. Тиімділігін, нәтижелілігін қатаң ескеріңіздер», – деді Н.Нәлібаев.
Бүгінде аймақтағы 13 мыңнан астам спорт секциясында 370 мыңнан астам адам шұғылданады. Өңірдің климаттық ерекшелігіне байланысты қысқы спорттың 3 түрімен айналысатын 233 спортшы 17 секцияда жаттығады.
Соңғы үш жылда 21 спорт кешені, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп «Теннис орталығы» салынды. Мүгедектігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен тағы 5 спорт кешені, «Қызылорда Арена» бой көтеруде.
Жиында облыс әкімі алдағы мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейтін коммуналдық қызмет саласының жауапты басшыларына тапсырмалар жүктеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






