Жыл сайын Қызылорда облысы көлемінде ұйымдастырылатын «Үлгілі елді мекен» конкурсы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл байқау – тазалық пен тәртіпті, бірлік пен ұйымшылдықты, көркейту мен көгалдандыру мәдениетін дәріптейтін игі дәстүр.
Аталған конкурс аясында ауыл-аймақтардың абаттандырылуы, көше-жолдардың жай-күйі, қоғамдық орындардың тазалығы, жасыл желек көлемі, сәулеттік үйлесімділік пен тұрғындардың белсенділігі жан-жақты сараланады.
Өңірде дәстүрге айналған осы конкурста 2023 жылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Аманөткел елді мекені 3 орын иеленіп, жер қазушы трактор еншілесе, аталған конкурстың екінші кезеңіне (күзгі конкурс) Арал қаласы, Қосжар, Шижаға және Ақбай елді мекендерінің құжаттар топтамасы ұсынылып, нәтижесінде «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша Арал қаласы 3 жүлделі орынды иеленіп, тіркемесімен тиегіш-трактор еншіледі.
2024 жылы өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсы бойынша «Үлгілі ауыл» номинациясының 3 орыны тағы да Аманөткел елді мекеніне бұйырып, арнайы тіркемесімен тиегіш-трактор техникасы табысталды. Сонымен қатар, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Қосжар елді мекені абаттандыру жобаларына 15 млн. теңге қаржылай сертификатты жеңіп алды.
Дәстүрге айналғаг осы конкурс 2025 жылы да жалғасын тапты. «Үлгілі елді мекен» конкурсы бойынша «Үлгілі ауыл» номинациясы Қызылжар елді мекеніне бұйырып, (2 орын) жер қазушы трактор, тіркемесімен тиегіш трактор табысталған болатын.
Сондай-ақ, «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша Ақирек ауылдық округі, Ақбай елді мекені абаттандыру жобаларына 15 млн. теңге қаржылай сертификатты жеңіп алды.
«Үлгілі елді мекен» атағы тек материалдық жетістік емес, ол ауызбіршілік пен ортақ жауапкершіліктің, туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Бұл бастама жергілікті қауымдастықтың белсенділігін арттырып қана қоймай, әрбір тұрғынды туған өлкенің гүлденуіне үлес қосуға шақырады.
Елді мекендердің келбеті елдің келешегінің айнасы десек, «Үлгілі елді мекен» конкурсы бойынша ауылдарға табысталған техникалар бүгінде өңірді өркендетуге, тазалық пен абаттандыру жұмыстарына пайдаланылып келеді.






