Еліміздің ертеңін тәрбиелейтін аналар, келіндер. Бүгінгі қыз ертеңгі ана. Сол себептен ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын олардың бойына сіңіріп өсіру – басты мақсат. Сондықтан осы өткен байқауда аналар көп біліп, білімдерін көтереді деген мақсатта өтті.
Шиелі ауданының 95 жылдығына Иіркөл ауылдық округінде өткен «Үлгілі келін – 2023» атты аудандық жас келіндер байқауы осы сөзіміздің дәлелі.
Келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын, салт-дәстүрді ұстануын, отбасы құндылықтарын құрметтеп, бағалау мақсат еткен сайысқа ауылдың ізетті келіндері қатысты. Жас ұрпақ бойындағы жан сұлулығы мен қатар әдет-ғұрыптың қалыптасуына, заман талабына сай ұлттық өнер мен өнегеге баулитын іс-шарада аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергенов сайысқа қатысушы келіндерге сәттілік тіледі.
Сайысқа отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген келіндер қатысып, бақ сынады. Шара барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Қазақ келіні қай кезден де отбасының берекесін келтіріп, татулығын бекемдей білген. Әр үйдің өнерлі келіндері өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырған болса, өнер сайысында өздерінің өнерлерін ортаға салды. Қазақы дастарқанын жайнатып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді.
Айта кету керек, «Үлгілі келін – 2023» байқауына әр отбасынан 13 келін қатысты. Оның біреуі Шиелі кентінен, қалғаны ауылдық округтен. Келіндердің үлкені 35 жаста, ең жасы 22 жаста, қатысушылардың орта жасы 29 жас.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен сайыс жеңімпаздары анықталды. Нәтижесінде I орынды Ыбыраева Арайлым Нұрланқызы, II орынды Күлекенова Жанар Ғабитқызы, III орынды Смайлханова Ақнұр Сәкенқызы мен Әбілдаева Ляззат Қалмырзақызы өзара бөлісіп, жеңімпаз деп танылды. Оларға алғыс хат және ақшалай сый-сияпат табысталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар үлестірілді.
Алдағы уақытта осы сынды келіндер сайысы кенттер мен ауылдық округтерде жалғасын табатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<