Облыс орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқан Сырдария ауданына қарасты «Шаған» ауылы 1928 жылы құрылған. Орналасқан аумағы мен халық саны жағынан өзге ауылдардан үлкен елдімекен. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында ауқымды жобалар қолға алынып, іске асуда. Әлеуметтік-экономикалық бағыты айқын ауылдық округ тұрғындары шаруасын дөңгелентіп отыр. Өткен аптада даму перспективасы жоғары ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, танысып қайтқан едік.
Газ құбыры тартылуда
Бүгінде өсіп-өнген ауылда 4500-ден астам тұрғын бар. Елді мекенде ауыл әкімінің аппараты, мектеп-лицей, әуез мектебі, спорт мектебі, 3 балабақша, ауылдық аурухана, мәдениет үйі, кітапхана, «Қазпошта» бөлімшесі, телефон байланысы, ветеринариялық пункт халыққа қызмет етеді. Кіреберісте ауылдың жаңа паспорты орналасқан. Биыл ауыл тұрғындары «көгілдір отынға» қол жеткізіп, игілігін көрмек. Оны көше бойындағы қызу тіршіліктен байқадық.

Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Мейірім Ерекенова бізді қарсы алып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Бұған дейін ауданға қарасты Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағанбетов, Нағи Ілиясов ауылдары газға қосылса, енді «Шаған» елді мекеніне де табиғи газ құбыры тартылуда.
Құрылыс басында болып, мамандармен тілдескен едік. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлының айтуынша, жобаның жалпы құны – 2,6 млрд теңге. Орындаушы – «AЭS and Limites» ЖШС. Өткен жылы республикалық бюджеттен 300 млн, облыстан 1 млрд теңге бөлінген. Биыл тағы 1 млрд теңге берілген.
– Бүгінге дейін 55 шақырым орташа және төменгі қысымды газ құбыры жүргізілді. Жалпы жоспарлы жұмыстың 70 пайызы орындалып тұр. Ауыл тұрғындары биыл «көгілдір отынның» игілігін көреді, – дейді ол.
Дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтуде
Аудандағы ең үлкен елді мекен саналатын «Шаған» ауылындағы дәрігерлік амбулатория 1969 жылы құрылған. Сол уақыттан бері тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келеді. Сырдария аудандық ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық сұрақтар жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Тәуекеловтің айтуынша, амбулаторияға 2011 жылы ағымдағы жөндеу жұмысы жасалған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 328 млн 933 мың теңге бөлініп, наурыз айында күрделі жөндеу жұмысы басталып кетіпті. Қазір ондағы электр жүйесі 90, су жүйесі 80, жылу 75, арнайы плиталарды төсеу 90, ғимарат сыртын қаптау 95 пайызға орындалған. Құрылыс жұмысын жасап жатқан «РеалСтройСнаб» ЖШС мекемесі қыркүйек айында пайдалануға бермек.

– Дәрігерлік амбулатория 3800-ден астам адамға терапиялық және гинекологиялық бағытта қызмет көрсетеді. Жыл басынан 500-ге жуық тұрғынға медициналық көмек берді. Бүгінде дәрігерлер мен арнайы мамандар №12 спорт мектебінің ғимаратында ауыл тұрғындарын уақытша қабылдауда. Жалпы дәрігерлік пунктте науқастарға арналған 25 күндізгі ем алатын төсек-орын, 4 дәрігер, 20 орта және 8 кіші буын қызметкер, 8 жұмысшы, барлығы 40 адам жұмыс істейді, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Білім саласындағы жарқын істер
Ауыл орталығында орналасқан №37 мектеп-лицейінде 900-ге жуық бала білім алады. Онда қызмет ететін 165 мұғалімнің 34-і зерттеуші, 59-ы сарапшы, 56-сы модератор. Биыл 65 түлек оқу бітірсе, оның ішінде 9-ы «Алтын белгі», 6-ы «Үздік аттестат» иегері атанған.
Мектеп-лицейде 1-4 сыныптың 217 оқушысы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасының балалары ыстық тамақ ішеді. Жыл сайын тамыз айында «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан материалдық көмек те ұдайы беріліп келеді. «Мектепке жол» акциясы тұрақты ұйымдастырылып, жеке кәсіпкерлер мен «Шаған-Жер» ЖШС демеушілігімен оқу құралдары беріледі.
Мұндағы өнер мектебінде домбыра, баян, қобыз, шертер, би, терме секілді 6 үйірмеде 138, «Ақжарма» ауылдық филиалында 42, барлығы 180 оқушы дәріс алуда. Мектеп оқушылары әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп, ауылдың мақтанышына айналған.
Спортқа жақын балалар үшін № 12 балалар-жасөспірімдер мектебі бар. Онда 11 жаттықтырушы 770 оқушыға бағыт, спорттың сан түрінен дәріс береді. Ауыл балалары бокс, қазақша күрес, еркін күрес, дзюдо, белбеу күрес, футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисінен облыстық, аудандық турнир, жарыстарға қатысып, жеңімпаз атануда.
Мектепке дейінгі тәрбие беретін №14 «Алтын сақа-Шаған» бөбекжай-балабақшасында 4 топта 90 бала тәрбиеленуде. Жыл бойы республика көлемінде болып жатқан байқаулар мен жарыстарға қатысып жүлделі орындар иемденуде. Мәселен, биыл тәрбиеші Нұргүл Үмбетаева «Үздік педагог – 2025» байқауының аудандық кезеңінен ІІ орын алды. «Бақытты отбасы» республикалық байқауының аудандық кезеңінен Гүлмира Ыдырыс пен «Менің елім – менің бақытты балалық шағым» би байқауынан Мөлдір Бекарыстанова ІІІ орын иеленген.
Сонымен қатар «Балбөбек» бөбекжайы мен «НұрАйСая» жеке балабақшасында балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
Шағандықтар шаруаға бейім
Ауыл экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. «Шаған» ауылдық округінде 32 шаруа қожалығы бар. Егінмен айналысатын шаруашылықтардың өнім көрсеткіші жыл сайын жоғарылап келеді.
Мал басын өсіру, оның өнімін өндіру бағытында жүйелі жұмыс бар. Соның нәтижесінде І жартыжылдықта 2692 бас ірі қара, 1550 уақ мал, 1733 жылқы, 33 түйе және 894 құс тіркелген.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы ауыл тұрғыны Нұржан Алихан несие алып, егін саласын өркендетуге үлес қосуда. «Кең дала» бағдарламасы аясында Шералы Оспанов та ауыл шаруашылығы саласын дамытуда.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің нәтижесі мен тиімділігін көрсетіп отыр. Оның игілігін көріп отырғандар «Шағанда» да бар. Мәселен, Серік Аяпов жеңілдетілген несие алып, ағаш өңдеу цехын, Бағдат Байдосов омарта шаруашылығын ұлғайтуда. Бұл бағдарлама ауылдық жердегі халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Тұрғындар өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алып, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.
Ауылдық округте 3 гектар қосымша жер ашылған. Оған картоп, көкөніс, бақша дақылдарын ұжымдық түрде егу үшін «Қожабек» алма бағы, «Қызылқұм» жер учаскелері берілген.
Тұрғындар ауызсумен 100 пайыз қамтылған. Ауызсу құбыры «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы «Арал» республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы филиалы теңгерімінде. Ауылға кіреберісте орналасқан каналдан берілетін аяқсу да үздіксіз ағып тұр.
Елді мекеннің орталық көшелері таза, көркейту-көгалдандыру жұмысы ұдайы жүргізілетіні көрініп тұр. Ішкі аяқсу арықтары да тазаланып, көшедегі талдар кесіліп, әктелген. Орталық көшелерге орнатылған аншлагтар мен электр бағаналары әдемі сырланған.
Орталық алаң жаңа кейіпке енеді
Ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Мейірім Ерекеновадан алда атқарылатын істер туралы сұраған едік. Айтуынша, елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту, көшелерді күрделі жөндеуден өткізу секілді жұмыстар жоспарланған. Бүгінде электр бағаналары толығымен жаңарған. Дегенмен, ауылішілік бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары қажет. Оның да жоба-сметалық құжаттары дайын.
Көшедегі аяқсу арықтарын жаңарту алдағы уақыт еншісінде. Бірінші кезекте Есет би, Бекпанов көшесі, Т.Мұхамеджанов, А.Иманов тұйығына жоба-сметалық құжат әзірленген. Ауылдық округтегі орталық алаң да жаңаша кейіпке енбек. Елді мекеннің көрікті жеріне айналатын алаңда субұрқақ орнатылып, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
А.Атақаев көшесі мен «Самара-Шымкент» жолының бойына жаяу жүргінші жолын салудың және А.Атақаев көшесіндегі 1300 метр арықты жүргізудің жоба-сметалық құжаты әзірленіп, жұмыс жоспарланған.
Ә.Омаров көшесінің автомобиль жолы құрылысына облыстық бюджеттен қаражаты бөлініп, жұмысы атқарылуда. Т.Алжанов, Т.Мұхамеджанов, Ж.Бекпанов, А.Иманов, Ә.Тұйғынов тұйығы көшелеріне автомобиль жолдары құрылысының жобасына бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер анықталып қойған. Бұл шаруа да жуық арада басталмақ.
Жалпы «Шаған» ауылында толымды істер барын байқадық. Мұнда 2000-ға жуық экономикалық белсенді тұрғын болса, 13 тыл ардагері, 384 зейнеткер, 135 мүмкіндігі шектеулі азамат, 97 «Алтын алқа», 110 «Күміс алқа» иегері бар. 1200-ден астам жас та елді мекеннің көркейіп, гүлденуіне үлес қосуда. Ауызбірлігі жарасқан ауылда қоғамдастық кеңес, ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі бірлесіп, түрлі тақырыптарды талқылап, өзекті мәселелер бойынша мәжіліс өткізеді.
Аудан орталығына қарап бой түзеп келетін ауылдың бүгінгі беталысы осындай. Егер алдағы уақытта үлкен инвесторлар демеушілік жасаса, облыс пен аудан арасын жалғап тұрған «Шаған» елді мекенін де үлгілі ауылдық округтер қатарына қосуға болады деп ойлаймыз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ





