Үнемделген қаржыны мемқызметшілерге сыйақы ретінде беруге болады – Жамаубаев

185

0

Фото: Kazinform

Президент кеңесшісі, бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үнемделген қаржыны мемлекеттік қызметшілерге тыйым салуға орай пікір білдірді.

«Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы, Қаржы министрі болып жұмыс істедім. Бұл жерде анықтап кететін мәселе бар. Егер бюджетте сыйақыға қаражат көзделген болса, онда оны ешкім алып қоймайды. Сыйақы ретінде беріледі. Дегенмен, мемлекеттік органдар сатып алу процесін жүргізгенде үнем болады. Сол үнемді Қаржы министрлігі сыйақы ретінде бермеу туралы шешім қабылдап отыр. Бірақ ол әлі заңдастырылмаған. Қазыналық шот бар. Содан бір-біріне аударуға бөгет қоймақшы. Әрине, өзімде білемін, қаншама адам мемлекеттік қызметте. Қарапайым қызметкерлерге ауыр тиеді. Одан өзім де өткенмін. Сондықтан дұрыс шешім қабылдау қажет», – деді Ерұлан Жамаубаев бүгін өтетін Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысы аясында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Сонымен қатар ол үлкен сома емес, қандай да бір қаражат қалса, онда оны бөлуге болатындығын айтады.

«Бұл заңға қайшы емес. Қарсымын деп айта алмаймын. Бірақ істеліп жатқан әрекетті түсініп отырмын. Себебі, мемлекет қаражатын үнемдеу басты мәселе болып отыр. Дұрыс шешім қабылдау қажет», – деді ол.

Кеше Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қызметшілерге үнемделген бюджет қаржысы сыйақы түрінде берілмейтіндігін айтқан болатын.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<