Қызылордада үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті тұрады. Отбасының бір мүшесі – Байтабын Молдаш бүгінде қылмыстық атқару жүйесінде қызмет атқарады.
23 маусым – Полиция күні қарсаңында Б.Молдашты әңгімеге тартып, өз өмір жолы мен алдағы мақсаттары жөнінде сұраған едік.
– Бала күнгі арманың қандай еді?
– Әкем Бөгенбай – полиция қызметкері. Ол кісінің жұмысына бала кезден қанық болып өстім. Бұл мамандық иелері қоғам тыныштығын күзету мақсатында уақытпен санаспай еңбек етеді. Олардың формасы кез келген жас өреннің қиялына қанат бітіріп, полиция қызметіне қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Есейіп, мамандық таңдаған сәтте полиция қызметкері болатынымды айттым. Осылайша құқық қорғау саласына аяқ бастым. Бүгінде ЗК-169/4 мекемесінде режим және күзет бөлімінде бақылаушымын. Негізгі міндетім – сотталғандарды алып жүру, жұмыс орындарына апарып, алып келу, сол екі аралықта сотталғандардың пайдалануға және қолдануға тыйым салынған заттардың алып өтпеуін қадағалау, тінту-тексеру жұмыстарын жүргізу. Сондықтан ол жұмысыма жауапкершілікпен және қырағылықпен қараймын. Рас, қызмет атқару барысында талай оқиға болады. Сол сәтте сыр бермей, өз жұмысымды жоғары деңгейде атқаруға тырысамын.
– Әулетіңде бірнеше буынға жалғасқан полиция қызметкерлері бар екен. Сол кісілер жайында айта кетсең.
– Атам Молдаш Сералы ілгеріде ішкі істер саласында болды. Әкем Бөгенбай мен әкемнің ағасы Қалмұрат та кезінде құқық қорғау саласында еңбек жолын өткізді. Әкем Бөгенбай ішкі істер органдарында 40 жыл қызмет еткен. 1980 жылы еңбек жолын Батыс Қазақстан көліктік милиция басқармасы Қызылорда станциясының желілік милиция бөлімінде қатардағы милиционер болып бастаған. Еңбек жолында әкем ҚР ІІМ басқармасының бастығы қызметіне дейін көтерілген. Қазір зейнет демалысында, отставкадағы полиция полковнигі. Бүгінде іні-қарындасым Сайын мен Айсара да әке жолын жалғап келеміз.
– Алдыңа қойған мақсатың қандай?
– Әулетімде бірнеше буынға жалғасқан құқық қорғау саласының азаматтары бар. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Үлкендерден ақыл-кеңес алуға тырысамын. Ол кісілер секілді мен де жасы кішілерге үлгі көрсеткім келеді. Династиялық әулеттен шыққанымды мақтан тұтамын.
– Әңгімеңе рақмет. Қызметіңде сәттілік тілеймін!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<