Бүгін Корея бұғазындағы әскери-теңіз шайқасындағы жеңісті еске алу қорының төрағасы Чон Дон Хён бастаған делегация өкілдері Достық үйіне келді. Кездесуде ғылым, білім, мәдениет және тарих саласындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Аталмыш қор үшжақты меморандумын жасау үшін Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен, «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен ынтымақтастық мәселелері талқыланып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге отырды.
Меморандум жасасу нәтижесінде аталған мекемелер ынтымақтастық білім, тарих, мәдениет, жалпы білім алмасу саласындағы жобаларды бірлесіп атқаруға мүдделі. Атап айтқанда, серіктес елдің білім алмасу делегацияларының сапарларындағы, білім беру және оқу орындары арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және екі жақтың да білім алуын дамытуға байланысты басқа салалардағы ынтымақтастық.
Мазмұнды кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Фархат Әбдібағдатұлы, Қызылорда облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрағасының орынбасары Денис Пак және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының міндетін атқарушы Нұрлан Оразбаев сөз сөйлеп, үшжақты қарым-қатынасты дамытуға белсенді түрде атсалысуға дайын екендерін жеткізді. Корея бұғазындағы әскери-теңіз шайқасындағы жеңісті еске алу қорының төрағасы Чон Дон Хённің айтуынша, олар 4 жылдан бері әр елге қоныстанған ата-бабаларының тарихын зерттеумен айналысып келеді. Бұл жолғы іс-сапардың негізгі мақсаты – корей жастарына Сыр өңіріндегі корей этносының тарихын таныту, бүгінгі өмірін көрсету. Сол арқылы екі ел арасындағы байланысты одан әрі ұлғайту дейді.
Айта кету керек, делегация құрамында Сыр өңірінің тарихы, мәдениетімен танысу ниетінде Оңтүстік Кореядан келген 40-қа жуық студент, оқушылар өңірлік корей халқы батырлары Ге Бон У, Ом Джу-Пиль, Чхве Бон Соль ұрпақтары, корей этномәдени бірлестігінің өкілдері және жастармен кездесіп, Корея және Қызылорда арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етті. Құшақ жая қарсы алған Достық үйі мен Қорқыт Ата атындағы университеті басшылығына ризашылығын білдірді.
«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<