Үздік кәсіпорындарға құрмет көрсетілді

596

0

Фото: Қызылорда облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Президентінің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының иегерлері мен өзге де байқаулардың лауреаттарын Сыр жұртшылығы атынан құттықтады.

«ҚР Президенті Әкімшілігінің жанынан құрылған республикалық комиссия қорытындысымен «Парыз» конкурсының шағын және орта кәсіпорындар арасындағы гран-при жүлдесін «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иеленіп, аймағымыздың мерейін үстем етті. Мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алған марапат құтты болсын! Аталған жүлде бір кәсіпорынның ғана емес, Сыр жұртшылығының жеңісі деп білеміз. Бұл – облыстағы барлық кәсіпкерлік саласының өкілдеріне берілген жоғарғы баға», – деді аймақ басшысы.

Үздік кәсіпорындарға құрмет көрсетілді

Еске салсақ, «Абай Дәулет» ЖШС байқауға «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша өтінім тапсырған болатын. Бүгінде даму қарқыны жоғары көпсалалы компанияның негізгі бағыты – күріш, құс және мал өсіру, тамақ өндірісі мен құрылыс материалдарын шығару. Мұнда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұған дейін 2019 жылы кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары», 2020 жылы «Іскер», 2021 жылы «Алтын сапа» байқауларының лауреаты атанған.

2020-2023 жылдары компания демеушілік пен қайырымдылыққа, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен күтіп ұстауына 1,3 млрд.теңге жұмсаса , аймақ дамуына 2,5 млрд.теңге инвестиция салды.

Бұдан бөлек, «Алтын сапа» сыйлығы байқауының финалына

4 кәсіпорын өтіп, оның ішінде «Асыл дән ЛТД» және «Alexey Sultan Akhmet» ЖШС «Іскер» арнайы сыйлығының жеңімпазы атанды. Ал, «Алтын орда» серіктестігі «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беру конкурсының лауреаты болды. Нұрлыбек Машбекұлы барлық жеңімпаздарды құттықтап, облыстың өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

Әр жылдары аймақтың 17 кәсіпорны «Парыз» конкурсының лауреаттары атанды. Атап айтқанда, 2009 жылы «Торғай-Петролеум» АҚ, 2014 жылы «Қазгермұнай БК» ЖШС гран-при жүлдесін иеленді. Биыл конкурсқа қатысуға облыс бойынша 16 кәсіпорын өтінім берді, оның 5-еуі – ірі кәсіпкерлік субъектісі, 11-і – орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<