«Үздік маман-2022» жеңімпаздары марапатталды

729

0

«QazaqGaz» ҰК» АҚ құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның жыл сайын дәстүрге айналған «Үздік маман-2022» деп аталатын газ саласы мамандарының кәсіби шеберлігін байқайтын конкурсы да өз мәресіне жетті. «Интергаз Орталық Азия» АҚ Оқу-курстық комбинаты филиалының Шымкент қаласының іргесіндегі Ақбұлақ ауылында орналасқан оқу алаңында өткен жарыстың жеңімпаздары алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Екі күнге созылған байқауды өткізудегі негізгі мақсат – кәсіби дағдыны жетілдіру, еңбектің озық әдістері мен тәсілдерін тәжірибеде сынап, мамандар арасында тарату. Сонымен бірге газ тасымалдау жүйесінің апатсыз, жоғары өнімді жұмысын және жоғары техникалық мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қызметкерлерді соған моральды және материалды тұрғыда дайындау, олардың мүдделерін ескеру болып табылады. Іс-шара «QazaqGaz» ҰК» АҚ Ғылыми-техникалық орталығының Оқу полигоны базасында ұйымдастырылды. Байқауға алдымен ИОА өндірістік филиалдарында іріктеудің бірінші турынан сүрінбей өтіп, үздік нәтиже көрсеткен 105 маман қатысты.

Байқаудың екінші финалдық туры 15 конкурстық мамандық бойынша практикалық тапсырмалар орындаумен қорытындыланды. Мәселен олардың қатарында электр газбен дәнекерлеуші, жерасты газ құбырларын пайдалану және жөндеу слесарі, электр жабдықтарын жөн­деу және қызмет көрсету, электр монтері сынды мамандықтар бар. Конкурстық комиссия байқауға қатысушының өндірістік алаңда орындаған жұмысының сапасын, еңбектің ұтымды және қауіпсіз тәсілдерін қолдануды, қатысушының өндірістік дербестік дәрежесін, тапсырманы орындауға жұмсалған нақты уақытты, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын бағалады.

«Бүгінде газ саласы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына және ұлттық экономикасына зор үлесін қосуда. Сондықтан оның кадрлық әлеуетін дамыту өте маңызды іс болып саналады. Ендеше бүгінгідей ауқымды кәсіби жарысты ұйымдастыру – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Алғаш рет қолға алынған уақыттан бері бұл байқау кәсіби өсудің қуатты стимулына айналып үлгерді. Және бүгінде озық еңбек тәжірибелерімен алмасудың тамаша алаңы саналады. Өз кезегінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы қызметкерлерінің әрқайсысы өзін маман әрі жеке тұлға ретінде сезініп, сол мақсатқа қол жеткізуі үшін бар жағдай мен мүмкіндікті қарастырады. Бұл ретте біз өндіріске, қауіпсіз еңбек жағдайларын ұйымдастыруға, қызметкерлеріміздің кәсіби деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыруға елеулі инвестициялар салудамыз.

Айталық, газ саласындағы құзыреттер орталығы – «QazaqGaz ҒТО» ғылыми-техникалық орталығын құрдық. Ендігі жерде ол Қазақстанның және шетелдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарын, халықаралық газ компанияларын ынтымақтастықта жұмыс істеуге шақырып отыр.

Әлбетте, бұл бағытта бүгінде белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Себебі жақсы оқытылған және жоғары білікті қызметкерлер компанияның сәтті дамуы үшін қуатты негіз болып саналады», деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мейірбек Ихсанов байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген құттықтау сөзінде.

Ұлттық компания өкілінің мәлімдеуінше, газ саласын үнемі дамытып, жетілдіріп отыру ең басты стратегиялық міндет болып саналады. Ал оны жүзеге асыру білікті мамандарсыз мүмкін емес. Сондықтан, мұндай конкурстар ұлттық компанияның кадр мәселесі бойынша жылдан-жылға әлеуетін өсіріп отыруға кең жол ашады. Өйткені кез келген мекеменің табыстылығы оның мамандарының біліктілігіне тікелей байланысты. Осы орайда «Үздік маман» конкурсы «Интергаз Орталық Азия» АҚ жұмысшыларының жыл сайын асыға күтетін, мүмкіндігінше қатысуға талпынатын іс-шарасына айналған.

Газ саласында тер төгіп жүрген мамандардың арасындағы бұл жарыс жыл сайын өткізіліп келетінін және осы күнде ол тұрақты әрі дәстүрлі байқауға айналғанын айтады газ саласы бойынша Республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерқанат Темірханов. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат арытып келетін мамандар осында өздерінің біліктіліктерін көрсетіп, көптің ортасында бәйгеге түседі. Жарыстың нәтижесінде қатысушылар түрлі сыйлықтармен марапатталып, қомақты жүлдеге қол жеткізіп жатады. Ал бәрінен бұрын ең маңыздысы – ол байқаудан жинайтын мол тәжірибені арттыру, танысып-білісу және ұжымының, достарының алдында абырой, сыйға ие болу.

– Жалпы, мамандардың білікті болуы еліміздің газ саласындағы кәсіби деңгейдің артуына зор үлес қосады. Сол арқылы осы саладағы кәсіби шеберлік айқындалады десек, қателеспейміз. Уақыт бір орында тұрмайды. Жылдан-жылға технологиялар өзгеріп тұрады. Сол үшін де «Интергаз Орталық Азияның» оқу алаңында газ тарату мен газбен жабдықтаудың ең озық технологияларының үлгілері байқауға қатысушыларға жыл сайын таныстырылып отырады. Өйткені жұмыскерлер әрдайым барлық ситуацияға дайын болуы керек. Мәселен, оқыс жағдай орын алған уақытта тез шешім қабылдап, аз уақыт ішінде ақауды жоюы қажет. Талап бойынша «көгілдір отын» клиенттерге тоқтаусыз берілуге тиіс. Ал газ таратуда іркілістің болмауын қамтамасыз ететін мамандардың қай кезде де біліктілігі мен тәжірибелік шеберлігі жоғары деңгейде тұруы керек. Сондықтан байқаудың жұмыскерлердің кәсіби деңгейін шыңдауға, тәжірибелерін арттыруға берері мол. Әрі бұл конкурсты тек қарапайым жарыс қана емес, сонымен бірге кеңесетін, жаңа шешімдер қабылдайтын, алдағы жоспарларды айқындайтын алаң деп те қарау керек. Заман талабына сай қазір барлық стандарттар мен ережелер өзгеріп жатыр. Мәселен, қауіпсіздікке байланысты жұмыскерлердің киім формасы жаңа үлгіге көшті. Осыған орай әлемдік стандартқа сай қазақстандық мамандардың да кәсіби киім үлгісі жаңаруда. Бұл да болса үлкен жетістік. Өз ретінде осында конкурсқа қатысып, біраз тәжірибе жинақтап, көрген-білген жаңалықтарын санасына түйіп үлгерген мамандар елге оралған соң өздері де әріптестеріне көп нәрсе үйретіп, тәжірибесімен бөлісетін болады. Себебі оқу алаңындағы барлық құрал-жабдықтар мен технологиялар мамандар күнделікті жұмыста көріп жүрген шынайы жағдайдың дәлме-дәл көшірмесі. Сондықтан бұл байқау әрі қатысушылар үшін шеберлігін анықтайтын сынақ болса, екіншіден, басшылық үшін де саладағы жалпы жағдайды сырттан бақылап көруге, бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін екшейтін емтихан. Бір қуанарлығы, байқау арқылы жұмысшылардың деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді. Соның бір айғағы, халықаралық деңгейдегі осындай конкурстың бірінде біздің газбен, электрмен дәнекерлеуші мамандарымыз жүлделі бірінші орынды әкеліп отыр. Жоғарыда айтқанымдай, заман көшінен қалмау – әрбір азаматтың басты міндеті. Соның ішінде газ саласында еңбек етіп жүрген кісілер де өз мамандығы бойынша бүгінгі барлық озық технологияны жақсы білуге тиіс. Біздің кезімізде құрал-жабдықтар қарапайым болса, қазір цифрлық жүйеге негізделген технологиялар өте күрделеніп кетті. Дегенмен кәсібі газ саласына негізделген әрбір маман бүгінгі заман технологиясын ауыр-жеңілдігіне қарамай бір кісідей білуі керек. Ал дәстүрлі байқау сол талаптың үдесінен шығып отырған ең басты әрі маңызды іс-шараның рөлін атқарады, – дейді Е.Темірханов.

Байқауға қатысушылар байқаудың шарттары мен тапсырмалары үнемі жетілдіріліп отыратындығын, өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерін білуге қойылатын талаптар артып келе жатқанын және қатысушылардың дайындық деңгейі жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өтті.

– Осыдан 5 жыл бұрын аталған байқауда бірінші орын алдым. Былтыр тағы да бағымды сынап көріп, екінші орынға іліктім. Биыл да бәйгеге түсіп, қанша уақыт армандап келген бірінші орын тұғырына көтерілдім. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл болды. Орал қаласындағы №1 кәсіптік лицейде білім алғанмын. Сосын әскери борышымды өтеп келген соң, электр газбен дәнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Өзіме жұмысым ұнайды. Мекеме барлық жағдайымызды жасап отыр. Алдымен іріктеу болып, сол сынақтан жоғары ұпай алып шықтым. Кейін финалдық байқауға қатысуға осы жерге жіберді. Осы конкурс арқылы өзімнің білікті, шебер маман екенімді дәлелдегім келді. Жарыс басталғанға дейін алдын ала дайындықта жүрдім. Оның үстіне күнделікті дәнекерлеу ісімен айналысқан соң, тәжірибе де өздігінен шыңдала береді. Жыл сайын емтихан тапсырамыз. Жаңа технологиялар пайда болып жатыр. Оларды игеру үшін де жылда біліміңді жетілдіріп, біліктілікті арттырып тұру қажет. Байқауда электр, газдан бөлек аргонмен дәнекерлеу бойынша да жарыстық. Келешекте дәнекерлеу ісінде осы тәсіл кеңінен қолданылатын болады. Дегенмен аргонмен дәнекерлеуді байқауға қатыспай тұрып меңгергенмін. Ең бастысы, осы байқау арқылы өзіме көптеген дос таптым. Өзге өңірлердің әріптестерімен екі күн бойы жақын араласып, олардан да біраз тәжірибе үйрендім. Сонымен бірге «Үздік маман» конкурсы жұмысқа деген ықыласты оятып, ынтаны күшейтеді. Өйткені адам өзіне мақсат қойып, сол арманына жету үшін күндіз-түні еңбектенеді, көп оқып, алдағы жарысқа тыңғылықты дайындалады. Тағы бір айта кетерлігі, әр жылғы байқауда жаңа әдіс-тәсілдер, технологиялар пайда болып отырады. Мәселен, былтырғы конкурста тек электрмен дәнекерлеу бойынша жүлдеге талассақ, биылғы жарыста аргонды-доғалды дәнекерлеу ісі қосылды. Сондай-ақ биылғы байқауда бәсекелестік өте жоғары болды. Тоғыз адам бірдей жүлдеге ие болуға ұмтылды. Былтырғы жарыста қатысушылар саны бұдан әлдеқайда аз еді, – деді Орал қаласынан келген электр газбен дәнекерлеу номинациясы бойынша бірінші орын алған маман Марс Ержанов.

Бұл байқаудың есте қаларлық оқиғасы – оқу алаңында жарысқан қатысушылар бір-біріне өзара айтарлықтай өткір бәсекелестік тудырды. Осы ретте байқауды ұйымдастырушылар бәйгеде бақтарын сынап көрген мамандарға өз қабілеттерін толық ашып көрсетуге мүмкіндік берді және жарыстың өз деңгейінде әрі әділ өтуіне барынша қолайлы жағдай жасады. Жарыс қорытындысында конкурс жеңімпаздарына арнайы дипломдар табыс етіліп, еңбекақыларына жылдық үстемеақы белгіленді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<