Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының бұйрығымен Мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған қадамдық жоспар бекітілді. Осы жоспардың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру, олардың өз міндеттерін орындауға ынта мен қызығушылықтарын арттыру мақсатында қала әкімдігінде «Мемлекеттік қызметшілердің үздік жобалары мен бастамалары» конкурсы өтті.
Қатысушылар конкурстық комиссияның қарауына мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға және мемлекеттің қызметтің кез-келген нақты саласын дамытуға арналған жобаларын ұсынды.
Комиссия мүшелері қала әкімі аппаратының басшысы, қазылар алқасының төрағасы Мұрат Тасқараев, қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Тұрғанбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сәкен Жұмаев, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаев, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов қатысушылардың жобаларын сарапқа салды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша қала әкімі аппаратының бақылау және мониторинг бөлімінің бас инспекторы Әсел Жұмабек бас жүлдені жеңіп алса, І орынды Ақсуат ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Нұрислам Көшербаев иеленді. ІІ орын қалалық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Ерхан Бақбергенұлына, ІІІ орын Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Әулет Көшенейге бұйырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<