Ұлт мүддесі жолында қызмет ете береді

6

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ұлттық басылым дегенде 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласынан алғаш жарыққа шыққан «Қазақ» газеті еске түседі. Арада ғасырдан астам уақыт, яғни 110 жыл өткенде осы күн «Ұлттық басылым күні» болып белгіленді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің деректеріне сәйкес, қазір елімізде 4 мыңға жуық бұ­қа­ралық ақпарат құралы бар. Олардың әрқай­сысы бүгінгі заман талабына сай қағаз жүзінде және сандық нұсқада қызметін ұсынады.

Кеше Мемлекет басшысы Ұлттық басылым күніне орай БАҚ өкілдерін құттықтады. Бұ­қаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақ­станды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға елеулі үлес қосып келе жатқанына назар аударды.

Мерзімді баспасөз өкілдерін Конституция­лық реформаны, сондай-ақ тұтас мемлекеттік жүйені түбегейлі жаңғыртуға бағытталған басқа да ауқымды өзгерістерді БАҚ-та жариялау кезінде конструктивті жұмыс істеуге үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымына жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан қарап, заңды құрметтеу арқылы егемендігімізді және тәуелсіздігімізді қорғау ұлты мен дініне қарамастан әрбір отандасымыздың міндеті екенін айтты.

Отандық журналистер осынау аса маңызды іске белсенді атсалысатынына сенім білдіріп, оларға толайым табыс пен бақ-береке тіледі.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде елімізде 4 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құрал­дары қызмет етеді екен. Оның ішінде бірнеше қоғамдық формацияны басынан өт­керіп, ғасыр жасап келе жатқан республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі дәстүрлі басылымдардың орны бөлек. Өйткені онда әр кезең бойынша түрлі салаға қатысты хатқа түсіп, қатталған деректер жатыр.

Жасыратын несі бар, қазіргідей технология қарқынды дамыған дәуірдегі таратылып жатқан ақпараттық өнімдермен салыстыра қарағанда, сонау жылдардағы сарғайған газет беттерінде сақталған жазбалар мазмұны мен сапасы жағынан еш кем түспейді. Таралымы да көбірек болды. Сол басылымдар қоғам қалай құбылса да, қалыптасқан ұстанымынан айнымай, мемлекет мүддесіне жауапкершілік таныта отырып, билік пен бұқара арасында алтын көпір орнатуға қызмет етіп келеді. Сондай-ақ осы тұста дәстүрлі БАҚ елдің идеологиялық саясатын жүзеге асыруға ерекше ықпал еткенін айтуымыз керек. Неге десеңіз, бүгінгідей, газет-журналдың бетін ашпай, теледидар көрмей, кітап оқымай, түрлі желідегі жеңіл-желпі жазбаларға назар аударып өсіп келе жатқан жастардың бойында келеңсіз әдеттер байқала бастағанын айтпасқа болмайды.

Президент «Түркістан» газетіне берген сұхбатында еліміздегі газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұрғанын атап өтіп, журналистер еңбегін бағалаған еді. Расында, бүгінде кез келген жаңалық әлем назарында. Осыған орай БАҚ ақпаратты әзірлеу мен таратуда заманауи медиа кеңістіктің талаптарымен санасып, жаңашылдыққа бейім­делуге мүдделі. Шынайылығына, сапасына жауапты. Демек ақпарат саласының алдында тұрған міндет қаншалықты ауқымды болса, мойнындағы жауапкершілік жүгі де соншалық еселеп арта түскен.

Айта кетейік, Ұлттық басылым күнімен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтап, еліміздегі газет-журналдар мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтуға, ашық қоғам қалыптастыруға маңызды үлес қосқанын, бү­гінгі басылымдар сол аға буын қалыптастырған игі дәстүрді лайықты жалғастырып келе жатқанын айтты.

Алдағы уақытта да ұлттық басылымдар ұлт үшін маңызды мәселелер талқыға салынып, тарихымыз үшін әділетті шешім қабылданатын ақпарат алаңына айналып, халықтың сенімі мен қолдауына сай қызмет ете беретініне сенім артамыз.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»