Ұлт үшін алған 3 минут

30

0

Мәскеу қаласы,

Поезбен ұзақ жол,

Алматы мен арасы.

Ал ұшақпен тым қысқа,

Үш сағат жол шамасы.

Съезге барды Шаханов,

Қазақтың қайсар баласы.

Мәскеу. 1990 жыл.

СОКП-ның XXVIII съезі.

Жаңаша атқан арайы,

Қайта құру кезеңі.

Иә, съездер сарайы,

Жиналды сол сарайға,

Зиялы қауым талайы.

Жан-жақтан жұрт жиылды,

Бас хатшы ашты жиынды.

Соңғы сол бір съезде,

Сөз алу мүлде қиын-ды.

Отырған со-на-у өрдегі,

Бас хатшыға төрдегі,

Шаханов шығып сөйлеуге,

Үш минут уақыт бер, – деді.

Бас хатшы сәл-пәл ойланып,

Әр нәрсені ойға алып…

«Айтпағың қандай мәселе?» –

Деп сұрақты қойды анық.

Бір-ақ жағдай айтарым,

Арал жайлы айтамын, –

Деп шықты Мұқаң мінбеге,

Біледі өзі не айтарын.

Аралдан басқа айрықша,

Жабылған жала бар еді…

Жағдайды жайып салуға,

Үш минут уақыт тар еді.

Асықпай ашып қарағым,

Ақтарсаң тарих парағын…

«Ұлтшылдыққа» балаған,

Сол кезде жастар талабын.

Алматы. 1986 жыл. 16-17 желтоқсан.

Орталық алаң.

Бейбіт халық оянған,

Бостандыққа бой алған…

Озбырлар оған қарамай,

Алаңдар қанға боялған…

Ойланбай ОК тапты ойды,

Бұйрық беріп, лап қойды…

Жастарыма жазықсыз,

«Ұлтшыл» деген ат қойды…

Жастарды сүйреп, сабаған,

Кім мұндайды қалаған?!

Жат жерден келген жендетпен,

Қосылып иттер талаған…

Азаптап торға қамаған,

Асырған ойын қалаған…

Жаралыларды апарып,

Тастаған аулақ қаладан…

Қыздарды шаштан сүйреген,

Темірмен ұрып, түйреген…

Бас жарылып, қол сынып,

Қабырғалар күйреген…

«Бұзақы ел» деп атанып,

Жастар «ұлтшыл» аталып,

Кеткенде соның бәрінен,

Ақтап алды Шаханов.

Ашуға сыймай алқымы,

«Желтоқсан-86»-ны,

Ақтап алды азамат,

Сол үш минут арқылы.

Тәуелсіздік-әманда,

Сол желтоқсан жемісі.

Қарсы тұрған қамалға,

Жастарымның жеңісі!

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,

ҚР ІІМ-нің Еңбек және Құрметті ардагері.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.