«Ұлт уызы» этнофестивалі

8

0

«Наурызнама» онкүндігі бойынша 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Атаулы күнге орай «Анаға тағзым» орталығында «Ұлт уызы» этномәдени фестивалі өтті. Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Этнофестивальға қалаға қарасты Тасбөгет, Белкөл кенттері мен Ақжарма, Қызылөзек, Қарауылтөбе, Қызылжарма, Талсуат және Қосшыңырау ауылдық округтерінің өнерпаздары қатысты. Ән-жыр әуелеп, көркем бимен көмкеріліп, көздің жауын алар қолөнер туындыларының көрмесі жасақталған салтанатты шарада ұлтымыздың мәдени құндылықтары ұлықталды.

Ең әуелі салтанатты шеруден бастау алған қойылымда елдің ырыс-несібесін бір тайқазанға толтыру арқылы ауызбірлік пен ынтымақ ұғымын көрсетті. Сонымен бірге, Қыдыр ата, Ұлт анасы кейіпкерлері жас жеткіншекке бата беріп, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеді.

Ұлттық тағамдар көрмесінде мерекенің басты мә­зірі – Наурызкөжемен бірге, ұмыт бола бастаған ұлттық та­ғам түрлері таныстырылды. Бұдан бөлек, қатысушылар бір мезетте самаурын қайнатып, қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлық мәдениетін көпшілікке танытты.

Этнофестивальдің «Наурыз-думан» атты қорытынды кезеңінде өнерпаздар шығармашылық қабілетімен бақ сынасты. Сондай-ақ креативті кәсіпкерлердің көрме жәрмеңкесі, қолөнершілердің шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. 

Фестиваль қорытындысымен қатысушыларға алғыс хат және арнайы аталымдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«СБ» ақпарат