Ұлттық дәстүр – ұрпаққа аманат

181

0

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» орталығында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Ұршық үстіндегі ұлағат» сайысы өтті. Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев ашып, ұлт мұрасын ұлықтап, дәстүрімізді дәріптеудің бүгінгі ұрпақ үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.

Сайыста ұлттық салт-дәстүрді кеңінен таныстырумен қатар, қол­өнерді насихаттау, әже мен немере арасындағы рухани бай­ланысты нығайту тақырыбы тар­қатылды. Қазақтың мақал-мәтел­дері, халық әндері арқылы  жанға жылылық ұялата отырып, жас ұрпақты тә­лім-тәрбиеге баулуға мән берілді. Тағылымды іс-шараға қаладан, аудандардан ірік­телген 20 әже неме­релерімен бірге қа­тыс­ты. Бүл­діршіндер әже­лерімен бірге сахнаға шығып, өнер көрсетті.

Үш кезеңнен тұратын сайыс­тың алғашқысы – «Та­ныстыру» ке­зеңінде әжелер немерелерімен бірге туған жері, ата-бабасы ту­ралы көркем сөзбен кестелеп, өлең жолдарымен әсерлеп жет­кіз­ді. Бірі отбасының жетістігін  мақ­таныш етсе, енді бірі туған өңі­рінің ерекшелігін жырға қосты.

Қолөнер шеберлігі кезеңінде әжелер сырмақ сырып, ұршық иіріп, тоқыма тоқып, ұлтымыздың керемет бай дәстүрін көпшілік назарына ұсынды. Қариялардың көз алдында кешегі күндердің естелігі жаңғырып өтіп, көңіл­дерін толқытты. Үлкендіктің ізімен немерелеріне ұлағатты сөздер айтып, халық әндерін әуелете шырқаған әжелерге зал толы көрермен ыстық ықыласын білдіріп, зор қошемет көрсетті.

Ұлттық салт-дәстүр кезеңінде қазылар алқасы қазақтың тұрмыс-салтына қатысты сұрақтар қойды. Әжелер бұл сұрақтарға неме­релеріне бағыттап жауап беріп, тұсау кесу, бесікке салу, қыз ұзату сияқты ғұрыптардың мәнін түсіндірді. Айта кетейік, байқауға Рая Ділімбетова, Разия Қал­жанова, Феруза Оңталап сынды мәдениет саласының ардагерлері қазылық етті.

Сайыс қорытындысымен, жүл­делі I орынды Сырдария ауда­ны­нан Рахима Досжанова неме­ре­сімен иеленсе, ІІ орынды Жа­лағаш ауданынан Қайыпкүл Отарова, ІІІ орынды Жаңақорған ау­да­нынан Назия Опабекова алды. Барлық қатысушыларға ал­ғыс хат та­бысталып, өнер­паз­дарға ынталан­дыру сыйлықтары берілді.

Бір сөзбен айтқанда, «Ұршық үстіндегі ұлағат» сайысы ұлттық дәстүрді ұрпақ санасына сіңіріп, көненің көзінен ғибрат алудың айқын үлгісі болды. Әжелердің өнегесі мен немерелердің ізденісі арқылы халқымыздың бай мұрасы қайта жаңғырып, жас буынға аманат ретінде жол тартты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»