ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия Иран аумағына қарулы шабуыл кезінде балалардың қаза болуына байланысты туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Ведомство атап өткендей, соғыс салдарынан бейбіт тұрғындар, әсіресе балалар зардап шеккенде, бұл мемлекеттер шекарасынан тыс жалпы қайғыға айналады.
— Минаб қаласындағы мектепке әуе шабуылы жасалғандығы ерекше өкініш сезімін тудырады. Мектеп бұл қауіпсіздік, білім және үміт кеңістігі, балалар ертеңгі күннің қорғанысы мен сенімін сезінетін орын болып қалуы керек. Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт тұрғындарды ерекше қорғауды талап ете отырып, осы қағиданы сақтауда шешуші рөл атқарады. Әрбір қиылған бала өмірі — бүкіл әлем үшін орны толмас шығын. Соғыс салдарынан бейбіт тұрғындар, әсіресе балалар зардап шеккенде, бұл мемлекеттер шекарасынан тыс жалпы қайғыға айналады, — делінген хабарламада.
Бұл ретте Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың бастамашыларының бірі ретінде жанжалдар жағдайында адамзатты сақтаудың маңыздылығын атап көрсетеді.
— Бүгінгі таңда бейбіт халықты қорғауға және бейбітшілік мәдениетін, өзара құрмет пен жауапкершілікті ілгерілетуге бағытталған халықаралық күш-жігерді нығайту бұрынғыдан да маңызды. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың бастамашыларының бірі ретінде жанжалдар жағдайында адамзатты сақтаудың маңыздылығын атап көрсетеді. Ел мен шекараға қарамастан — әлемнің болашағы әр баланың қауіпсіздігінен басталады, — деп түйіндеді комиссияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Иранның оңтүстігіндегі Минаб қаласында қыздарға арналған бастауыш мектепке Израиль тарапы соққы жасады. Irna агенттігінің соңғы мәліметінше, оқиға салдарынан кемінде 165 оқушы қаза тапты.






