ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған
ЮНЕСКО халықаралық ұйымы жанындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанерке Шайгөзова өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында профессор халқымыздың мәдени мұрасын терең зерттеп, зерделеп, оның ішінде жойылып бара жатқан қолөнерді сақтап қалу, әрі қарай дамыту және жас ұрпаққа үйрете отырып, сабақтастық ізін жалғастыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен материалдық емес мәдени мұра элементтерін бірте-бірте оқу процесіне енгізудің маңызы жайында ой-пікірін бөлісті.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан Республикасы материалдық емес мұраларының ұлттық тізімінде 79 пункт бойынша дәстүрлі құндылықтар қамтылған.
Жүздесуде БАҚ өкілдеріне ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттап, әсіресе, ел ішінде жойылып бара жатқан қолөнер шеберлерінің еңбегіне баса назар аударып, олардың әрбір бұйымды әзірлеудегі әдіс-тәсілдерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу бағытында ақпараттық қолдау көрсету ұсынылды.
Дәлірек айтсақ, ел аумағында материалдық емес мәдени мұралар туралы контент жасау және тарату, деректі фильмдер, телебағдарламалар, подкасттар, мақалалар, арнайы жобалар жасау маңызды болып отыр. Бұл орайда шеберлер, орындаушылар, фольклорлық ұжымдар, салт-дәстүр сақтаушыларымен әңгімелесіп, дәстүрдің шығу тегі мен ұлттық танымға негізделген маңызы, қазіргі қоғамдағы рөлі туралы материалдар жариялау – халықаралық жобаның басты талаптарының бірі.
Сөзінің арасында профессор Жанерке Наурызбайқызы халықаралық ұйымның қолдауымен Сыр өңірінде дәстүрлі түрде аталып өтетін «Қорқыт және Ұлы дала» фестивалі өте сәтті жүзеге асырылып отырған жоба екенін атап өтті. Сол секілді, елімізде нақтыланған материалдық емес мұраларының ұлттық тізімі бойынша ЮНЕСКО халықаралық ұйымы бастаманы енгізеді, әрі қарай жергілікті билік тарапынан жалғасын табуы тиіс.
Шеберлер мектебі жұмысын бастады
Қаладағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында қазақ халқының көне қолөнері түкті кілем тоқу дәстүрін жаңғыртуға бағытталған шеберлер мектебі ашылып, жұмысын бастады. ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұраны қорғау туралы Конвенциясы аясында қолға алынып отырған тың бастама халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнерін сақтау, дамыту және жаңа буын шеберлерін даярлауды мақсат етіп отыр.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жанерке Шайгөзова қолөнердің мәдени мұра ретіндегі құндылығына тоқталып, дер кезінде қолға алынған бастаманың өз деңгейінде жалғасын табатынына сенім білдірді.
– Бүгінгі ашылып отырған шағын ғана шеберлер мектебі әрі қарай үлкен жобалармен жалғасын табады. Жобаның мазмұны терең зерттеліп, талдау жасалды. Осылайша халықаралық ұйымның қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Жасыратыны жоқ, қазір Сыр кілемін тоқуды білетін санаулы ғана адам бар шығар. Олардың өзі қарт әжелер, бірақ қолөнерді әрі қарай жалғастырып отырған шәкірт жоқ. Бұл – ұлттық деңгейде назар аударатын үлкен мәселенің бірі. Сондықтан жобаның мақсаты кілем тоқу өнерін көркем еңбек пәнінің мұғалімдеріне үйретіп, сол арқылы оқушылардың қызығушылығын оятуға бағытталған, – дейді ол.
Ұлттық комиссиясының мүшесі Ж.Шайгөзованың сөзінше, аталған жоба алты айдан кейін қорытындыланып, нәтиже бойынша арнайы таныстырылым жасау жоспарланған.
Алғашқы жұмысын бастаған шеберлер мектебіне тәжірибелі шебер, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі Қарлығаш Ілиясова жетекшілік етеді.
Оның айтуынша, түкті кілем тоқу – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен тығыз байланысты өнер. Кілем бетіне салынған өрнекте бабалардың ойы, аналардың қолының табы, сонымен бірге, ұлттың эстетикалық талғамы бар. Жалпы кілем тоқу – шыдам мен шеберлікті, әсемдік пен дәлдікті талап ететін өнер. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі көнекөз қариялардың көмегімен тұскиіз, текемет басу технологиясын да жастарға үйретіп, қолөнерді жандандыруға назар аударылып отыр.
Ши тоқитын шеберлер жоқтың қасы
Ғалым Жанерке Шайгөзова бүгінде елімізде киіз үй құрастыратындар жоқ екенін, дайын киіз үй қарақалпақ елінен сатып алынатынын айтты. Тіпті киіз үйдің басқұр, бау-шуын, ши тоқитын да шеберлер жоқтың қасы. Бұл бірінші мәселе болса, екіншіден шикізат дайындау, яғни жүнді өңдеп, жіп иіру, оны табиғи әдіспен бояу мәселесі де өз алдына зерттеуді қажет етеді.
Айталық, қазіргі музей қорында сақталған қолөнер бұйымдарының бірнеше жыл бойы түр-түсі өзгермейтіні таңғалдырады. Қалай десеңіз, бұл – сапалы бояудың нәтижесі. Көнекөз қолөнер шеберлерінің тәжірибесінде бояулар табиғи шөптерден дайындалады.
Жасыратыны жоқ, қазір темірден түйін түйетін, ер-тұрман соғатын ұсталар жайлы да көп айтыла бермейді. Егер осындай ұсталар болса, олардың еңбегін кеңінен насихаттап, тәжірибесін таратуға көңіл бөлу қажет.
Қорыта айтқанда, ұлттық мәдениет айшықтары ұмытылмай, құндылықтар қорғалуы тиіс.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





