Ұлттық мәдениеттің заманауи үйлесімі

13

0

«Анаға тағзым» орталығында ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестірген «Анаға тағзым collection» рухани-мәдени сән көрсетілімі өтті. Онда отандық сән индустриясының дамуына өз үлесін қосып, заманауи ұлттық киімдерді жаңа деңгейге көтеруде шығармашылықпен еңбек етіп жүрген жергілікті кәсіп иелерінің тың туындылары насихатталды.

Айталық, Айман Әбді, Жазира Рамазан, Дана Марлен, Ақерке Ахантаева, Айзат Мырзаева, Әсел Елешова, Әлия Айт­мұратқызы сынды дизайнер-тігінші­лердің авторлық топтамалары көпшілік назарына ұсынылды. Сәнді киім үлгілерінің ішінде жас ерекшелігі, жасалу техникасы, матасы мен түр-түсіне қарай 30 үлгіден құралған 9 коллекция көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

«Анаға тағзым» орталығы басшысы Алтынай Молжанованың айтуынша, рухани-мәдени көрсетілімнің басты жа­ңа­лығы – орталықтың авторлық әрі экс­клюзивті «Анаға тағзым collection» топтамасы. Этно-рухты бүгінгі нәзік минимализммен тоғыстырған киім­дер үлгісі 7 образдан тұрады. Сонымен бірге, «Анаға тағзым» ор­та­лығының төл бренді «Өмір иірім­дері» тұмарының 3D нұсқасы – топтаманың символдық өзегі. Негі­зінен, 3 түске басымдық берілген коллекция брезент, зығыр, купра және кенеп мата­ларының ерекше үйлесімі нәти­же­сінде дайындалған.

Бұдан бөлек, көрсетілімде «Анаға тағзым» орталығы ұсынған «Үкілі үміт» креативті кәдесыйының таныстырылымы болды. Автордың баяндауынша, табиғи зығыр реңк­ті, қалың кендір жіптен макраме техникасымен тоқылған туын­дыдағы әрбір өрім отбасының өзара сенімін, татулық-береке­сін меңзейді.

Рухани-мәдени сән көрсетілі­міне өз жобасын ұсынған дизайнер Ақерке Ахантаеваның топта­масы «Мұра сызығы» – ұлттық мә­де­ниеттің заманауи үлгімен түйіс­кен тұсы.

– Біз ұлттық эстетиканы жаңа көзқа­рас­пен ұсынуды ойладық. Мысалы, күрделі ою емес, сызықпен берілген философия. Осы ретте нәзік штрихтар, минималист форма, кеңсеге де, ресми кездесулерге де жарасатын үйлесімді киім үлгілерін әзірледік. Бір сөзбен айтқанда, «Мұра сызығы» топтамасының мағынасы: дәстүрді мойындау, қарапайымдылықты бағалау, стиль арқылы өз түбіріңді сезіну. Әр киім арнайы тігіліп, өрнектері қолдан салынған және әр түйме, сырға, сақина, брошкалар да қолдан киімге сай үйлесіммен, балшық пен смоладан жасалған.

Осындай бірегей туындымызды халық алдында көрсетуге мүмкіндік берген «Ана­ға тағзым» орталығына алғысымыз шексіз. Өте ерекше әсерде болдық. Бізге керемет серпін мен шабыт сыйлады.

Іс-шараның қорытынды сәтінде сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынған дизайнер-тігіншілерге алғыс хаттар табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»