Ұлттық мәдениеттің заманауи үйлесімі

5

0

Фото: Анаға тағзым орталығы

«Анаға тағзым» орталығында ұлттық нақышты заманауи стильмен үйлестірген «Анаға тағзым collection» рухани-мәдени сән көрсетілімі өтті. Онда отандық сән индустриясының дамуына өз үлесін қосып, заманауи ұлттық киімдерді жаңа деңгейге көтеруде шығармашылықпен еңбек етіп жүрген жергілікті кәсіп иелерінің тың туындылары насихатталды.

Айталық, Айман Әбді, Жазира Рамазан, Дана Марлен, Акерке Ахантаева, Айзат Мырзаева, Асель Елешова, Әлия Айтмұратқызы сынды дизайнер-тігіншілердің авторлық топтамалары көпшілік назарына ұсынылды. Сәнді киім үлгілерінің ішінде жас ерекшелігі, жасалу техникасы, матасы мен түр-түсіне қарай 30 үлгіден құралған 9 коллекция көрерменнің жоғары бағасына ие болды.

Ұлттық мәдениеттің заманауи үйлесімі

«Анаға тағзым» орталығы басшысы Алтынай Молжанованың айтуынша, рухани-мәдени көрсетілімнің басты жаңалығы – орталықтың авторлық әрі эксклюзивті «Анаға тағзым collection» топтамасы. Этно-рухты бүгінгі нәзік минимализммен тоғыстырған киімдер үлгісі 7 образдан тұрады. Сонымен бірге, «Анаға тағзым» орталығының төл бренді «Өмір иірімдері» тұмарының 3D нұсқасы – топтаманың символдық өзегі. Негізінен, 3 түске басымдық берілген коллекция брезент, зығыр, купра және кенеп маталарының ерекше үйлесімі нәтижесінде дайындалған.

Бұдан бөлек, көрсетілімде «Анаға тағзым» орталығы ұсынған «Үкілі үміт» креативті кәдесыйының таныстырылымы болды. Автордың баяндауынша, табиғи зығыр реңкті, қалың кендір жіптен макраме техникасымен тоқылған туындыдағы әрбір өрім отбасының өзара сенімін, татулық-берекесін меңзейді.

Рухани-мәдени сән көрсетіліміне өз жобасын ұсынған дизайнер Ақерке Ахантаеваның топтамасы «Мұра сызығы» – ұлттық мәдениеттің заманауи үлгімен түйіскен тұсы.

Ұлттық мәдениеттің заманауи үйлесімі

–Біз ұлттық эстетиканы жаңа көзқараспен ұсынуды ойладық. Мысалы, күрделі ою емес, сызықпен берілген философия. Осы ретте нәзік штрихтар, минималист форма, кеңсеге де, ресми кездесулерге де жарасатын үйлесімді киім үлгілерін әзірледік. Бір сөзбен айтқанда, «Мұра сызығы» топтамасының мағынасы: дәстүрді мойындау, қарапайымдылықты бағалау, стиль арқылы өз түбіріңді сезіну. Әр киім арнайы тігіліп, өрнектері қолдан салынған, және әр түйме, сырға, сақина, брошкаларда қолдан киімге сай үйлесіммен балшықпен смоладан жасалған.

Осындай бірегей туындымызды халық алдында көрсетуге мүмкіндік берген «Анаға тағзым» орталығына алғысымыз шексіз. Өте ерекше әсерде болдық. Бізге керемет серпін мен шабыт сыйлады.

Іс-шараның қорытынды сәтінде сөз сөйлеген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов аймақта креативті индустрияны дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, авторлық топтамаларын көпшілік назарына ұсынған дизайнер-тігіншілерге алғыс хаттар табыстады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»