Ұлттық музей басшысымен кездесті

127

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық музейі басшысы Берік Әбдіғалиұлымен кездесті.

Аймақ басшысы өңіріміздің руханият, мәдениет саласындағы ауқымды жобалар туралы айтты.

– Биыл Қызылорда қала­сының еліміздің астанасы болғанына 100 жыл толды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр еліне жұмыс сапары кезінде ардақты аналарымызға арналған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысып, жоғары бағасын берді. Былтыр «Руханият жылы» аясында 1000 орындық «Өнер орталығы» іске қосылды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдеріне арналған «Жы­раулар үйі» ашылды. Қы­зылорда облысының барлық 7 аудан орталығында 11 млрд 500 млн теңгеге «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілді. Осыған дейін облыс музейлерінде арнайы қор сақтау бөлмелері болмаған. Қазір аудандық музейлердің қор бөлімдері талапқа сай жасақталып, 20 мыңға дейін экспонат сақ­тауға мүмкіндік алды. Бұрын аудандардағы архив мекемелерінің қор сақтау қоймасының сыйымдылығы 35 мың құжатқа арналған болатын. Архивтер «Руханият орталығына» көшірілген соң 200 мыңға дейін, яғни алдағы 40 жылға құжат сақтауға жол ашылды. «Руханият орта­лы­ғына» көшірілген аудандық кітапхана, музей, архив мекемелерінің соңғы 20 жылда жаңартылмаған материалдық-техникалық базасы заманауи үлгідегі жаңа жабдықтармен жарақтандырылды. Сол жаға­лаудан құны 2 млрд 700 млн теңге болатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынып, пай­далануға берілді.

Мәдени мұра – біздің құн­­ды әрі рухани қазы­на­мыз. Сыр өңірі – ежелгі қала­лардың мекені.  Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі Бә­біш мола, ортағасырлық Жан­­­кент, Сығанақ қала­шық­­­та­рында археологиялық қаз­ба жұмыс­тары жалғасуда. 2023-2024 жылдары ғылыми негіздемелерге сүйеніп, бюд­жет қара­жаты есебінен алтын киімді «Шірік Рабат сақ жауынгері», алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы», алтын қылышты «Түгіскен көсемі» және «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жа­салып, музей қоры құнды экс­понаттармен толықты.

Өткен жылы Сыр өңірі мәдениетін, құнды жә­ді­герлерін насихаттау мақ­сатында «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жыл­жымалы көрмені Ұлттық музей төрінде өткізуге үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сол үшін өзіңізге зор алғыс білдіремін, –  деді облыс әкімі.

Басқосуда Берік Әбді­ғалиұлы өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты арттыру, тәжірибе алмасу ұлт руханиятына зор үлес қосатынын жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Сыр еліне жұмыс сапарында ҚР Ұлттық музейі басшысы аймақтағы тарихи-мәдени нысандармен танысады деп жоспарлануда.