Ұлттық құрылтай: Президент жаңа мемлекеттік құрылыс кезеңін жариялады

7

0

Фото: Облыс әкімдігі

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, халық қолдаған жағдайда Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді.

Президент Ата заңда еліміздің зайырлы мемлекет екенін айқындайтын нормаларды сақтау және оларды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция заман талабына сай болуы тиіс.

– ХХІ ғасырда цифрландыру үдерісі өте жылдам жүріп жатыр және тұрақты, аса қарқынды сипатқа ие болды. Жоғары технологиялар азаматтардың күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ете бастады. Бұл үрдіс алдағы уақытта да үздіксіз жалғасады. Сондықтан еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізі Ата заңда міндетті түрде көрініс табуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияда азаматтардың дербес цифрлық деректерінің заңмен қорғалатыны нақты жазылуы керек екенін баса айтты.

Президенттің айтуынша, жарты жылға жуық уақыт бойы жүргізілген пікірталастар мен талқылаулар нәтижесінде конституциялық реформаның жалпы сұлбасы қалыптасып келеді. Осы кезеңде алдағы реформаның басты ұстанымдары айқындалып, олардың өзара тығыз байланысты екені анықталған.

– Тиісті байланыс арналары арқылы халықтан келіп түскен ұсыныстар мұқият сараланды. Ойға қонымды, маңызды бастамалар барынша ескерілді. Егер бұл реформалар халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.