Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстанда жаңадан құрылатын Халық кеңесі институтының заңдық мәртебесі мен қызмет ету қағидаттары туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Халық кеңесі – өз мәні жағынан өзге елдердегі консультативтік құрылымдардың озық тәжірибесін бойына сіңірген жаңа мемлекеттік орган болады. Кеңес құрамында еліміздегі барлық этностардың, ұлыстар мен өңірлердің өкілдері қамтылады.
Президент атап өткендей, Қазақстанның Халық кеңесі елдегі жоғары консультативтік орган мәртебесіне ие болады. Кеңес мүшелерінің жалпы саны 126 адамнан аспауы тиіс.
Халық кеңесінің құрамы мынадай тәртіппен қалыптастырылады:
- этномәдени бірлестіктерден – 42 өкіл;
- қоғамдық бірлестіктерден – 42 өкіл;
- мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден – 42 өкіл.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халық кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайындайтынын айтты. Ал кеңес төрағасы оның мүшелері тарапынан сайланады. Төрағаның қоғамдық негізде, ротациялық тәртіппен тағайындалатын екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.
Президенттің айтуынша, Халық кеңесін құру қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтық қоғамның үнін ескеруге және маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау барысында халықтың пікірін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.






