Ұлттық құрылтай тапсырмаларының орындалуы талқыланды

5

0

Фото: Арал ауданы әкімдігі

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша берілген тапсырмаларды орындау тетіктері талқыланды.

Аталған мәселелер бүгінгі Үкімет отырысында да көтеріліп, аймақ басшысы жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеген болатын.

Құрылтай барысында еліміздегі Парламенттің рөлі, сайлау жүйесі, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық өсімі, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік әділдік секілді өзекті мәселелер кеңінен сөз болды.

Аудан әкімі жиын барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алып, олардың мерзімінде әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Соның ішінде Арал мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстардың өзектілігі атап өтілді. Шын мәнінде, Арал тағдыры ел Президентінің тікелей назарында екендігі тағы бір мәрте айқындалды. Жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Кіші Аралдың қалпына келе бастағаны және Көкарал бөгетін биіктету жұмыстары осы жылдың соңында басталатыны айтылды.

Сонымен қатар, алдағы сәуір айында Арал мәселесіне арналған Халықаралық экологиялық саммит өтетіні мәлім болды.

Бұл бастамалардың өңір үшін аса маңызды екенін атап өткен аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы ауданға қатысты ірі жобалардың жүзеге асырылуы үшін тиісті министрліктермен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін жеткізді.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Мемлекеттік рәміздерді пайдалануда жеңіл-желпі әрі салғырт қарауға болмайтынын Мемлекет басшысы ерекше атап өткенін айтып, бұл бағыттағы бақылауды күшейтуді жауапты сала басшыларына тапсырды.

Жиында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының жүзеге асырылу барысы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бастама Ұлттық құрылтайда көтеріліп, Президенттің тікелей назарында болғаны атап өтілді.

Аудан әкімі акция аясында тазалық жұмыстарын қарқынды түрде жалғастыра отырып, тұрғындарға, көше комитеттеріне және кәсіпкерлерге бағдарламаның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Полиция бөліміне құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтіп, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуын бақылауға алуды тапсырды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі өзге де бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып, берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болатынын айтып, сала басшылары мен жауапты тұлғаларды әрбір тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі