Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысында атап өтілгендей, биыл жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталады, ал «Қызылорда – Жезқазған» автожолындағы қозғалыс жыл соңына дейін ашылады. «Жезқазған – Сексеуіл» учаскесі жаңғыртылып бітеді. Вокзалдарды реконструкциялау жұмыстары да жалғасады.
Автожолдар саласында биыл «Қызылорда – Ақтөбе» төрт жолақты магистралінің құрылысы басталады.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және халықаралық су ынтымақтастығын дамытуды одан әрі ілгерілету шараларына қатысты міндеттер белгіледі. Осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін дайындау аяқталып, жыл соңына дейін қаржыландыру мәселесі, оның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыру шешілуі тиіс.
Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізінің көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден 23 млрд текше метрге дейін артты. Көкарал бөгетін реконструкциялау және су деңгейін 44 метрге дейін көтеруді қамтитын теңізді сақтау жобасының екінші кезеңін әзірлеу аяқталу сатысында. Сонымен қатар, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту, автоматтандыру бойынша 167 жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Су үнемдеу технологиялары 143,1 мың гектар жерге енгізіліп, шамамен 500 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер бойынша нақты бағыт-бағдар айқындалып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді.
«Құрылтайдың осыдан 100 жыл бұрын Қазақ елінің астанасы болған, қазақ атауы қайтарылған Қызылорда қаласында өткені тарихи мәнге ие. Бұл – бізге жүктелген жауапкершілік пен зор сенім. Құрылтай отырысында ел тарихына алтын әріппен жазылатын, келешек ұрпақ айта жүретін маңызды шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер еліміздің саяси, әлеуметтік, және экономикалық дамуына серпін беріп, халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ұлт бірлігін нығайтуда маңызды қадам болатыны сөзсіз.
Тағы бір қуанышты жаңалық, Президентіміз 10 жерлесімізді жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Құрылтайдың жоғары деңгейде өтуі – әріптестеріміз бен барша Сыр жұртшылығының бекем бірлігінің, ерен еңбегінің жемісі.
Алдағы уақытта Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы әрі жүйелі орындауымыз қажет», – деді аймақ басшысы.
Мәжіліс соңында Н.Нәлібаев маңызды іс-шараны ұйымдастыру жұмысына, қаланың тазалығына атсалысқан мекемелердің еңбегін айрықша атап өтті. Бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі






