Әлеуметтік желілер қарқынды дамып, көпшілікке жеңіл дүниелер өтімді болған тұрған тұста ұлттық құндылықтарымыз үшін алаңдап, ішкі дүниемді түрлі ойлар мазалайды.
«Үлкен де, кіші де жалт-жұлт еткен дүниеге қызығып, соның жетегінде кетсе, біз сияқты жастарға кім ақыл айтады, бесікте жатқан сәбиге кім тәрбие береді», деп ойға бататынмын.
Әрине, ұлттық сезім әр адамның жүрек түкпірінде болады. Халық құндылықтарына құрметім жоғары болғандықтан жеңіл дүниелерді көргенде намыстанып қалатыным бар. Бірақ биылғы Наурыз мерекесінің жаңа форматта тойлануы көңілімді жадыратты. Ұлттық мерекемізді әрдайым әспеттеп келгенімізбен дәл осы жылғыдай ұлттық сезіммен ұштасқан белсенділікті көрмеппін.
Елімізде мерекені тойлаудың тұжырымдамасы мен оны өткізудің он күндігі бекітіліп, қазіргі күндері мазмұнды шаралар өткізілуде. Жер-жерде ұлттық салт-дәстүр мен қазақы киіміміз ұлықталып жатыр.
Осы орайда, сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Наурыз мейрамының мерейін асырып, ерекшелеп өткізуге үн қосуда. Департамент басшысы Сүлейменов Сағатбек ағай Наурыз мейрамын атап өтуге белсенді түрде атсалысу керектігін айтып, атаулы он күндігін өткізіп, жұмысқа ұлттық киіммен келу бастамаларын көтерген еді.
Сол игі бастамалар аясында қазіргі таңда Қызылорда облысының соттары Наурыз мейрамының он күндігі бойынша мерекелік шаралар өткізіп, көпшілікке қолжетімді болу үшін бейнероликтер дайындап, оның барлығы Қызылорда соттары парақшасына жүктеліп отыр.
Сонымен қатар, жұмысқа күнделікті ұлттық киіммен келу дәстүрі қалыптасып, барынша мерекелік көңіл күй сезіледі.
Осында алғаш рет жұмысқа келгенімде, кіре берістен қазақтың күйі күмбірлеп тұратынына риза болып қуанған едім.
Қазір де таңертеңнен ұлттық сезіміңді шымшып өтетін күйлер ойнатылып, жүрегіңді елжіретеді.
Міне, биылғы Наурыз мейрамы маған осындай ерекше әсер қалдыруда. Өмірімізбен біте қайнасып кеткен әлеуметтік желілер құндылықтарымызды құнсыздандырады деп бекер уайымдаппын.
Өйткені, халқымыздың жүрегінен ұлттық сезім кетпеген екен. Керісінше, жылдан жылға құндылықтарды қастерлеу қарқыны күшейіп келеді.
Қоғам рухани биіктікке ұмтылуда. Ал, рухы мықты ел ешқандай күштің жетегінде кетпейді.
Қарап отырсақ, біз осы қадамдармен тарих жасап жатырмыз.
Ертең бізден кейінгі ұрпақ өткенді парақтап, үлкендеріміз осылай жасаған екен деп, өздеріне бізді үлгі етеді. Ұлт қазынасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Қазақтығымыз жоғалмайды.
Ендеше, Наурыз мейрамын барлық сән-салтанатымен атап өтуге әрбіріміз атсалысайық. Ең бастысы, ұлттық сезімімізді өшіріп алмайық!
Н.Нұрбайқызы,
Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша
департаментінің бас маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<