Бүгін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Нартай Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық академиялық драма театрының ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында халық қалаулысы өнер ұжымын Ұлттық театрдың 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, сала өкілдерімен пікірлесті. Театр қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәдениет саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда ресми түрде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашылған болатын. 1929 ж. театр труппасы жаңа астана Алматыға қоныс аударды. 1934 ж. театрдан музыкалық студия бөлініп шығып, кейін Қазақ академиялық опера-балет театры және «Қазақконцерт» ұжымдарына айналды.
Ал, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының тарихына келсек, театр 1955 жылы Талдықорған қаласында Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрларының негізінде шаңырақ көтерді. Театрдың 1955-1959 жылдардағы репертуарында қазақ драматургиясынан М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қарақыпшақ Қобланды», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», т.б. пьесалары қойылды. Аталған шығармаларды театрдың бас режиссері Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген артисі Ж.Әбілтаев сахналады.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін театрдың жаңа тынысы ашылып, 1997 жылы Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театры болып, бүгінгі атауын алды. Бүгінгі күні Н.Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық академиялық драма театры өзінің көркемдік шоқтығы биік спектакльдерімен бірнеше фестивальдердің жүлдегері.






