Ұлылық ұялаған ұстаз

403

0

Фото: Автордан

(Меруерт Нағыметқызы жайлы сыр)

Қай елде, қай қоғамда болмасын шын мәніндегі зиялы қауым өкілдері – білім мен ғылымның, тәрбие мен тағылымның тізгінін ұстаған ұстаздар қауымы. Сондай асыл азаматтардың бірі – тарихшы-ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Аңсатова Меруерт Нағыметқызы еді.

Ол 1951 жылы Қызылорда об­лысы Арал ауданына қарасты «Аралсульфат» қыстағында дү­ние­ге келген. Ата-анадан алған тектілік пен туған жерден дарыған табан­дылық оны өмірдің қай саласында да биіктен көрінуге жетеледі. Орта мектепті бітіріп, бірден 1967 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының та­рих факультетіне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен 1971 жылы аяқ­тауы оның өмір бойы ізденісі мен талпынысының бастауы болды.

Меруерт Нағыметқызы үшін ұс­таздық жай ғана кәсіп емес, бұл жүрек қалауымен таңдалған өмір жолы еді. Ол алғаш еңбек жо­лын Аралдағы Т.Шевченко атын­­дағы орта мектепте мұғалім бо­лып бас­тағанымен, көп ұзамай ғы­лымға бет бұрып, 1973 жылы Абай атын­дағы педагогикалық инс­титуттың аспирантурасына оқу­ға түсті.

1976 жылдан бастап 2022 жыл­ға дейін Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетінде үздіксіз еңбек етіп келді, жарты ғасырлық ғұмырын білім мен ғылымға арнады. Бірнеше буын ұстаздардың, ғалымдардың, зерттеушілердің қа­лыптасуына ықпал еткен нағыз зиялы ұстаз атанды.

Ғылыми жұмыспен жүйелі айналысып, 1979 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, тарих ғы­лымдарының кандидаты атан­ған. Оның ғылыми зерттеуінің та­қырыбы «Қазақстан коммунистік партиясының ұлт саясатын жүзеге асырудағы қызметі» – еліміздің күр­делі тарихи кезеңдерін ғылыми тұрғыда түсінуге зор үлес қосқан еңбек.

Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінде жарты ға­сырға жуық уақыт абыроймен ең­бек еткен Меруерт Нағыметқызы еліміздің білім беру саласындағы көрнекті тұлғалардың бірі болды. Бұл білім саласындағы реформалар мен жаңашыл бағыттардың бел ортасында жүріп, талай шә­кірт пен жас маманның жолын аш­қанын көрсетеді. Жоғары оқу орнындағы еңбек жолын қатардағы оқытушыдан бастаған ол уақыт өте келе кафедра меңгерушісі, «Қа­білет» элитарлық мектеп-гим­на­зияның директоры, музыка-пе­да­гогикалық факультеттің де­ка­ны қызметтерін атқарып, соң­ғы жыл­дары Қазақстан тарихы ка­федрасының профессоры ретінде табысты еңбек етті.

Ұстаздық жолында өз ісіне шексіз адалдықпен қарап, жоғары кәсіби біліктілігімен, терең бі­лім­­ділігімен, жаңашыл ойлау қа­бі­летімен ерекшеленді. Ол тек бі­лім беруші ғана емес, сондай-ақ бо­лашақ мамандарды тәрбиелеген дана тәлімгер, рухани жетекші бола білді. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен па­расаттылықты сіңіріп, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етті.

Меруерт Нағыметқызының ад­ами болмысы – мейірімділік, әділеттілік, жауапкершілік және та­лапшылдық секілді қасиеттердің үй­лесімі. Оның педагогикалық жә­не шешендік шеберлігі әріптестері мен шәкірттерінің зор құрметіне бөленіп, көпке үлгі болды. Жас оқы­тушыларға, студенттер мен магистранттар үшін шынайы бағыт беруші, өмірлік ұстаз болды.

Бүгінде оның есімі сан мың­даған түлектің жүрегінде сақ­тал­ған, ғылым мен білімге сіңірген өл­шеусіз еңбегі ел есінде.

Ғалымның қаламынан 120-дан астам ғылыми мақала мен 20-ға жуық әдістемелік құрал туған. Оның «Сыр өңірі тарихы», «Қызыл­ор­да» энциклопедиялық кітабы, «Қа­зақ этнопедагогикасындағы от­ба­сы тәр­биесі» сынды шығарма­ла­ры – зерт­теушілерге бағыт-бағдар бо­­лар­лық еңбектер.

Ұзақ жылдар бойы түрлі жауапты лауазымдарды атқарған Меруерт Нағыметқызы нағыз көшбас­шы еді. Әр кезеңде де жаңашыл идеяларымен ерекшеленіп, тың бас­тамаларға мұрындық бола біл­ді.

Қоғамдық өмірдің де бел ортасында жүріп әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның алғашқы мүшесі ретінде өзекті мәселелерге үн қосып, нақты іс­термен айналысты. «Ақ босаға» қо­ғамдық бірлестігінің төрайымы ретінде жұмыссыз әйелдер мен ерекше қажеттіліктері бар бала­лар­ға арналған жобаларды жүзеге асырды.

Оның жетекшілігімен БҰҰ, АҚШ елшілігі мен ҚР Үкіметі та­­рапынан қаржыландырылған бір­­неше әлеуметтік жоба жүзеге асып, нақты нәтижесін берді. Бұл жо­балардың бәрі қоғамның әлсіз топтарына демеу, болашаққа жол ашу еді.

Көпжылдық еңбегі үшін Меруерт Нағыметқызы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» атағына, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне, Президенттің Алғыс хаттарына, Құрмет гра­моталарына және мерекелік ме­дальдарға ие болды. Ал 2019 жылы «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласының үздік пе­дагогі» атанды.

Ол ғылым мен қоғамға ғана емес, отбасына да тірек бола білген ана. Ұлы Әділет, келіні Индира, не­мерелері Арнұр мен Әлихан – ұстаз рухының жалғасы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген дана сөз Меруерт Нағыметқызына арнал­ғандай. Біз мұндай тұлғаларды ар­дақтап, кейінгі ұрпаққа өнеге етуге тиіспіз.

Ұлттың рухани байлығына қызмет еткен, білім мен тәрбиені ұш­тастыра білген қайраткер тұл­ғаның өнегелі өмір жолы – ұстаз­дық кәсіпті биікке көтерген адал­дықтың, табандылықтың және ұлт­­қа қызмет етудің айқын көрі­нісі.

 Минсара ҚАРАМАНОВА,

 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент