«Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініш қабылдау басталды

758

0

Бүгін 10 мамырдан бастап «Ұмай» әйелдер ипотекасына өтініштер қабылдау басталды деп хабарлады turkystan.kz.

Биыл оны жүзеге асыруға 15,6 млрд теңге жұмсалады.

2021 жылы бағдарлама басталған кезде 8,4 млрд теңге бөлінді. 954 әйел несие алды. 2022 жылы 14 млрд теңге бөлініп, 1 119 әйел несие алды.

Биыл үшінші траншқа 15,6 млрд теңге бөлінді. Несиелердің 40 пайызы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларынан шамамен 200 үй сатып алуға бөлінеді. Ал несиенің 60 пайызы өңірлерде тұратын әйелдерді қолдау үшін облыстар мен басқа қалалардан тұрғын үй сатып алуға беріледі.

«Ұмай» бағдарламасына өтініштер саны шекке жеткенде, бағдарлама жабылады. Сондықтан құжаттарды алдын ала дайындап, өтініш беру қажет.

Бағдарлама шарттары:

– Отбасы банкіндегі жинақ сомасы – 0%-дан;

– несие мөлшерлемесі – 14,4% (СЖТМ 15,4%-дан), одан кейін 3,5%-5%-ға (СЖТМ 3,6%-дан) дейін төмендейді;

– бастапқы жарна 15-тен 20%-ға дейін;

– қарыздың ең жоғарғы сомасы – 30 млн теңге;

– қарыз алу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін.

Бұл ретте тұрғын үй таңдауда шектеулер жоқ, оны алғашқы және екінші нарықтан, соның ішінде үлестік қатысу шарттары бойынша сатып алуға болады. Сондай-ақ, бағдарлама арқылы үй жөндеуге 3,7 млн теңге көлемінде несие беріледі.

Әлеуетті қарыз алушының ай сайынғы отбасылық табысы 550 мың теңгеден аспаса, ол 15 пайыздық бастапқы жарнамен несие ала алады. Ал отбасының ортақ кірісі айына 550 001 теңгеден 640 мың теңгеге дейінгі аралықта болса, онда тұрғын үйді 20 пайыздық алғашқы жарнамен алуға болады.

«Ұмай» әйелдер ипотекасына қатысу үшін «Отбасы банк» бөлімшелеріне не банктің консультациялық орталықтарына бару қажет. Болмаса otbasybank.kz сайтында онлайн өтінім беруге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<