2026 жылғы 2 наурыз күні Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында UN Women ұйымының Орталық Азиядағы үйлестіру кеңсесінің басшысы, Қазақстандағы құрылым өкілі доктор Джерен Гювен Гюреш әйел кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – өңірдегі әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, тәжірибе алмасу, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту және гендерлік теңдік бағытындағы ынтымақтастықты нығайту.
Басқосуға Палата директоры, мемлекеттік орган өкілдері және кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген, өз ісін дөңгелетіп отырған нәзік жандылар қатысты. Кездесу барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, бизнесті дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады және алдағы әріптестік мүмкіндіктерді қарастырды.
Доктор Джерен Гювен Гюреш өз сөзінде әйелдердің экономикалық дербестігін нығайту тұрақты дамудың маңызды факторы екенін атап өтті. Ол өңірдегі әйел кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Анықтама үшін: 2024 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қызылорда облысында тіркелген 71 147 кәсіпкерлік субъектісінің шамамен 35 269-ы әйелдерге тиесілі. Бұл жалпы кәсіпкерлердің 49,5%-ын құрайды. Аталған көрсеткіш өңірдегі әйелдердің экономикалық белсенділігінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.
Кездесу нәтижесінде тараптар өзара ынтымақтастықты жалғастыруға және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендерін білдірді.





