Кеше аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесі- ұлт болашағы» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Алимбаев, ардагерлер және қоғамдық кеңес төрағалары, әйелдер кеңесінің төрайымдары, депутаттар, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар, құқық қорғау және білім саласының қызметкерлері қатысты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына осы бастан жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет», – деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие берудің маңыздылығын атап өтті.Бұл тұрғыда қоғамда «Заң мен тәртіп»қағидатын орнықтыру, балалардың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғау – баршамыздың міндетіміз.
Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім және саналы тәрбие алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру.
Аймағымыздың білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн. 159 млрд. теңге бөлінді. 2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынса, 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді және 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Аймақ басшысының қолдауымен Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектеп және Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Өткен жылы 240 млн. теңгеге 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан орталығындағы №36 мектеп-лицейіне «Қазақстан Ұлттық қорынан» 250 млн. теңге бөлініп, модификациялық кабинеттер жасақталды.Ауданда балаларға саналы тәрбие беру мақсатында зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау, медицина, басқа да сала қызметкерлерінің қатысуларымен тәрбиелік мәні бар іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Құқық бұзушылықты болдырмау үшін арнайы жұмысшы топпен елді мекендерді аралап, жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына топтастырылды. Бұл – ұрпақ тәрбиесін жоғары қоятын еліміз үшін ең басты құндылықтар. Сондықтан біз балалардың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек деді, – Берік Әбдіғаппарұлы.
Алғаш сөз алған аудан прокуроры Абай Алимбаев құқық бұзушылықтың алдын алу, өсім алған қылмыстар бойынша жұмысты күшейту керектігін атап өтті.
Жиында аудан прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Жақып Еркебұлан баяндама жасады.Ата-аналар атынан Жантемір Айсин бала тәрбиесі жайында сөз сөйледі.
Мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді. Аудан әкімі мектеп оқушыларын үйірмелерге тарту, шығармашылық және спорттық секцияларға қатыстыру жұмысын жалғастыру керек екенін атап айтты.
Учаскелік полиция инспекторларына жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, кибербуллингтің және заңсыз ойынның алдын алу және қатаң бақылауда ұстау жүктелді.
Вейп өнімдерін пайдалануға және сатуға толық тыйым салу өте маңызды. Заңға қайшы әрекеттердің алдын алу үшін мектептердегі келеңсіз жағдайларға дер кезінде назар аударып, тәртіп бұзушылықтың алдын алуға уақытылы мән беру қажеттігі атап өтілді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі






