Жаңақорғандық Роза Қоңыратбаева 36 жылдан бері қолөнермен айналысады. Жақында оны шеберлер фестивалінде кездестірдік. Өнері жайында, қазір киізден қандай бұйым жасап жатқанын, ізін басқан шәкірттері туралы әңгімелескен едік. Он саусағынан өнер тамған жан бүгінде қолөнер шеберлері ұйымында белсенді еңбек етеді. Түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, білген-түйгендерін кейінгі буынға үйретеді. Ұршық иіру, кілем тоқу, тұскиіз, текемет басу, киізден түрлі бұйымдар жасау оның кәсібіне айналған.
Ол 1991 жылы университет бітіріп, ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. Оқушыларға көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Жанына жақын мамандығы одан әрі шабыттандырып, Түгіскен ауылындағы өнер мектебінде қосымша балаларды қолөнерге баулиды. Шәкірттері облыстық, республикалық шеберлер байқауларынан олжалы оралып, ұстаз мерейін үстем етіп жүр.
– Анам шебер, қолы алтын кісі еді. Айналасы еңбегін жоғары бағалайтын. Туыстың, көрші-қолаңның текеметін басып, кілемін тоқып беретін. Әкем шопан болды. Жабағы, күзен жүннен киіз басатын едік. Ол кезде ақша тапшы. Үй жабдықтарын қолдан жасаймыз. Бір мезетте 6-7 текемет басып, оны базарға өткізіп, кәсіп еткен кездер де болды. Солай анамыз әуелі текемет басуды үйретті. Қойдың жүнін тазалап, шыбықтататын. Кейін жіпке айналдырып, түрлі бұйым да тоқыдық. Жаз бойы кілем тоқып, еңбек еттік. Әулетте жеті қыз болдық. Бәрі де ісмер әрі шебер. Көбіне түкті кілем сұранысқа ие. Каникулда кілем тоқудан қол босамайтын. Өрнегін салуда ерекше әсем дүниелерді таңдайтын едік. Өзім түрді әдемі салғандықтан анам үнемі маған қолқалайтын. Тіпті көпшілік те мені шақыратын, – дейді шебер.
Роза мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсті. Бірақ қолөнерден қол үзбеді. Қайта ізденіп, дамытты. Текемет, кілем түрлерін бүгінгі заманға лайықтап жасады. Қыз-келіншектерге арналған орамал, шәліні де киізден ою-өрнегін салып, жібек матаға сәнді етіп, шығарды. Онысы көздің жауын алады. Сондай-ақ 2004 жылдан бастап шеберлер ұйымына кірді. Еліміздің түрлі қалаларында болып, қолөнердің қайта жандануына, заманауи тұрғыда қолданысқа енуіне атсалысып келеді.
– Тақыр кілем тоқуды барынша зерттедім. Әсемдігі мен ерекшелігіне баса назар аудардым. Содан болар көпшілік қызығушылық танытады. Халықаралық байқауларға да осы тақыр кілемді алып шықтым. Жаңа технологияда шәлі басуды да насихаттап жүрмін. Кеше ғана Астана қаласында өткен республикалық семинарда нанотехнологиямен шәлі басудан шеберлік сабақтарын өтіп келдім. Киіздің пайдасы ұшан-теңіз. Қойдың жүні суыққа төзімді әрі емдік қасиетке ие. Бұрын біз қойдың жүнін кәдеге жараттық. Қырқып, тазалап, тарап, түтіп бұйым жасадық. Қазір оған сұраныс жоқ. Сол себепті шаруалар өртеп жібереді. Ал ауыл адамдары маған қажет болғандықтан, үйге әкеліп береді. Есесіне, киізден ұлтарақ жасаймын. Ол табаннан суық өткізбейді. Етіктің іші суланып кетуден сақтайды. Иіс шығармайды. Киіз басу арқылы жаңа туындыларды да шығарамыз. Көлікке арналған көрпеше, орамал сынды. Көпшілік киіздің иісі болады деп ыстық сумен жуады. Бұл дұрыс емес. Себебі табиғи қасиетін жоғалтады. Текеметті басқанда қарып, білектеген кезде-ақ өзі тазарады әрі иісі болмайды. Жылына бір рет тек жылы сумен шайып алған дұрыс. Қызығушылық танытқандарға үнемі осыны ескертіп отырамын. Мәселен, мен қойдың жүнін алдымен шыбықпен сабап аламын. Шыбықты сәмбі талынан жасаймын. Әдемі талдырмаш, биязы болып шыға келеді. Одан әрі шүйкелеп аламын. Балаларға, үлкендер мен жас босанған аналарға арнап байпақ та тоқып беремін. Жүннен тоқылған киімдер буын ауруларының да алдын алады, – дейді ол.
Сондай-ақ ол ұршық иіруді 7-сыныпта үйреніпті. Қазір қолында анасының, үлкен әжесінің ескі ұршықтары сақталыпты. Кейбіріне жарты ғасырға жуық уақыт болған. Қолы қалт етсе балаларына да үйретеді.
– Бүгін де ұршық иіру жат дүниеге айналғандай. Бұрын әжелеріміз бос отырса да ұршық иіріп отыратын. Қасына тау етіп дөңгелек жіпті жинап қоятын. Біз соны көріп өстік. Әкеміз ұршықты қолдан жасап беретін. Мықты ағаш пен таудың тасын қолданатын. Білесіз бе, қазақта «ұршықша иіріп» деген тіркес бар. Шаруаны тез үйреніп, іс бастаған кісіні кәсібін ұршықша иіріп кетті дейді. Тіпті айналасын ұйыстырып отырған адамды да меңзейді. Сондай-ақ ұршық иіру адамды төзімділікке, сабырлы болуға, саусақ моторикасын дамытуға да септігін тигізеді. Оқушыларыма да насихаттап, пайдасы жөнінде үнемі айтып отырамын, – дейді Роза Қоңыратбаева.
Сондай-ақ оның айтуынша, ұлттық қолөнер – тәрбие көзі. Қыз балалардың ибалы, инабатты болуына, мінезінің жібектей қалыптасуына, салт-дәстүрді бойына сіңіріп өсуіне ықпал етеді. Ақ жаулықты аналарымыздың ізін жалғап, ұлттық өнердің ұлықталуына үлес қосады деп есептейді.
Шебер кейінгі кезде киіздің пайдасы туралы ғылыми жоба жасап, онысын сәтті қорғап жүр. Қолынан шыққан туындыларына қолқа салатындар да, сатып алатындар да бар. Міне, осындай шеберлер барда қазақтың төл өнері жаңаша үлгіде қайта түрленіп, сақтала бермек.
Мерекеңізбен!
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






