Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне арналған «Қалдырған ізің мәңгілік…» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Ғани Сүлейменов аудан әкімінің атынан ұстаздарды құттықтап, бірқатар мұғалімдер мен білім беру саласының үздіктерін марапаттады.
«Ұстаз шәкіртін ғана емес, бүкіл елді, қоғамды алға, биік арман-мұраттарға жетелейді. Бәріміз де ұстазымызды ғұмыр бойы сыйлап, құрметтеп өтеміз. Себебі біз кім болсақ та, қандай биіктерге көтерілсек те, бәріміз де ұстазға қарыздармыз. Бүгінгі таңда ауданда 1300-ге жуық ұстаз балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Олардың ішінде 1 Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, 4 Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, 3 Ы.Алтынсарин медалінің иегері бар. Мағжан атамыз айтқандай, ұстаздың орны қай кезде де төрде. Баршаңызды аудан әкімінің атынан бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға аманшылық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін», – деді Ғани Сүлейменов.
Мерекелік шарада бірқатар ұстаздар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, облыс және аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, №201 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Айгүл Шілдебаеваға, №32 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Мархаббат Мұстафаеваға, №201 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Дәулет Шаханға «Біркөлік» оңалту-сауықтыру кешеніне жолдама берілді.
Сонымен бірге, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі «Білім бәйтерегі» номинациясымен, «Үздік инновациялық мектеп» номинациясымен Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі, «Үздік жаңашыл мектеп» номинациясымен №31 мектеп-гимназиясы, «Үздік шығармашыл мектеп» номинациясымен №114 орта мектебі, «Үздік табысты мектеп» номинациясымен №118 мектебі, «Үздік мектепке дейінгі ұйым» номинациясымен №13 «Балдырған» бөбекжай-бақшасы марапатталып, жүлде қоры – 1 млн теңгенің сертификаттары табысталды.
Салтанатты жиын одан әрі ауданның көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, ұстаздарға мерекелік ән шашу тарту етті.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






