Ұзақ ұстағаннан пайда жоқ: Мұхтар Ербаян үш күннен кейін Германияға аттанады

326

0

Фото: ашық дереккөз

Алты айдан астам уақыт комада жатқан ұлттық ұлан сарбазы Мұхтар Ербаян үш күннен кейін Германиядағы клиникалардың біріне ем алуға аттанады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Ербаянды ата-анасы Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына тексеруге әкелді. Сарбазды еліміздегі ең білікті нейрохирург Серік Ақшолақов қабылдап алды.

«Бүкіл анализдерін алып, тексеруден өткізгеннен кейін Германиядағы әріптестерімізбен байланысқа шығамыз. Ол жақпен барлық мәселе шешілген, тездетіп жіберуіміз керек. Ербаянды ұзақ уақытқа емдеу қажет. Біз мына жақта бір дәрі қолдансақ, Германияда басқа дәрі қолданулары мүмкін. Баланың анализдері, жағдайы жақсы болып, ұшақта ұшуды көтере алатын болса, тездетіп жібереміз. Ұшақта ұшуға жағдайы жететін сияқты, соза бергеннен ешқандай пайда жоқ. Әкесінен бізге тек үш күн беруді сұрадым», – деп пікір білдірді Серік Ақшолақов.

Ербаянның қауіпсіздігі үшін қасына әкесі бірге жатады. Әскери госпитальда Ербаянға рұқсатсыз ота жасалғаннан кейін, отбасы дәрігерлерге күмәнмен қарайтындарын жеткізді. 

«Әкесі Ербаянның қасына бірге жатады. Алматыда әскери госпитальға апарып, басының жартысын алып тастады емес пе?! Осыдан кейін біз ешкімге сенбейміз. Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова «өз қарауыма аламын» дегеннен кейін ғана осы орталыққа әкеліп отырмыз. Оның үстіне отандық дәрігерлердің анықтамасынсыз Германия Ербаянды қабылдамайды екен. Кеше ресейлік дәрігерлермен де кеңестік, олар Ербаянның денсаулығы жақсы екенін, ұшаққа жарайтынын айтты. Енді бір Аллаға, сосын дәрігерлерге тапсырып, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз», – деп көзіне жас алды Ербаянның нағашы әжесі Күләш Имашқызы.

Дәрігерлер Ербаянға ем кезінде қолданылатын дәрі-дәрмектер толықтай әкесінің рұқсатымен беріледі деп кепілдік берді. Әзірге, денсаулығына қатысты қандай да бір пікір беруге ерте дейді.

«Ербаянды орталыққа әкелгендері жаңа ғана. Біз анализдерін қарап, тексеру жүргізіп жатырмыз. Үш күннен кейін толық ақпарат бере аламыз. Бұл біздің тәжірибеміздегі шетелге аттанатын алғашқы науқас. Ербаянның әзірше жағдайы бірқалыпты», – деді орталық маманы Асылбек Қалиев.

Еске салсақ, 17 қыркүйек күні Ербаянның ата-анасы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың қабылдауында болды. Сарбаздың адвокаты Инга Иманбай БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде Ербаянның жарақатын әскердегі әлімжеттікке байланысты деп мәлімдеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<