Бүгінде әлемнің жүздеген клиникалары мен зертханаларда COVID-19 вирусына қарсы вакцина ойлап табу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Ұлыбритания сынақтарды күзге дейін аяқтауды жоспарласа, Германия еріктілерді тартуда. Ал Билл Гейтс АҚШ-тағы жобаларды қаржыландыруда. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір жылдың ішінде вакциналар дайын болады деген мәлімдемелерге соншалықты сеніп отырған жоқ.
Сынақ жұмыстарының кезеңдері туралы шетелдік басылымдар сараптамаларына шолу жасап өтелік. Ұлыбританияның Оксфорд университетінде зерттеуге 1100 адам тартылған. Ғалымдар сынақтың 80% нәтижелі болатынына сенімді. Олардың сенімдігі соншалықты вакцинаның жаппай өндірісіне кірісіп кетті. Дегенмен, бұл – өте тәуекелге толы қадам, сәтсіз болуы да ықтимал. Қыркүйекке дейін вакцинаның бір миллион дозасы дайындалса, кейін көлемін одан әрі көбейту көзделуде.
Ұлыбритания үкіметі Оксфорд жобасына 20 миллион фунт стерлинг бөліп отыр. Мұнан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі Лондон Империялық колледжіндегі балама сынақ жұмыстарына да 22,5 миллион фунт стерлинг бөлуде. Мұнда адамдарға сынақ маусым айында жүргізіледі.
Германиядағы Паул Эрлих атындағы институтта алғашқы клиникалық сынақтарға рұқсат етілді. Бірінші кезекте 18 бен 55 жас аралығындағы дені сау 200 адамға вакцина егіледі. Екінші бөлігінде осындай жастағы, бірақ COVID-19 вирусына шалдыққан адамдарға сынақ жүргізілетін болады. Институт ғалымдары биыл вакцина жалпыға бірдей қолжетімді болмайтынын ескертті.
АҚШ-та наурыз айының орта шенінде коронавирусқа қарсы вакцинаның адамға клиникалық сынағы туралы хабарлаған болатын. Inovio Pharmaceuticals орталығында 10 сәуірден бастап 40 еріктіге вакцина салу басталғанын мәлімдеді. Зерттеушілер вакцина түрінде егілген клеткалар қауіпсіз белоктың көшірмесін өндіретін мини-фабрика секілді жұмыс істейтінін айтады. Вирус организмге енген жағдайда иммундық жүйе өз кезегінде оларға қарсы күрес жүргізіп жеңіп шығатын болады. Алайда ғалымдардың айтуынша, алғашқы тестілер нәтижелі аяқталғанның өзінде вакцинаны кең көлемде қолдана бастау үшін бір жарым жылдай уақыт керек. АҚШ-тың санитарлық бақылау басқармасы вакцинаны келесі жылы шығара бастауы мүмкін.
Осы бағыттағы оң нәтиже беруі ықтимал саналатын жеті жобаны қаржыландырып отырған миллиардер Билл Гейтс бұл істе асығыстық жасауға болмайтынын айтады.
Қытайда COVID-19-ға қарсы үш вакцина түрін сынақтан өткізуге рұқсат берді. Алғашқы болып аденовирус векторы негізіндегі вакцина қолдауға ие болды. Ол жыл соңына дейін еріктілерге сынақтан өткізеді. Инактивті вакцина бойынша сынақ процестері де тез жылжып келеді. Ол бойынша Уханьдағы ғалымдар мен пекиндік Sinovac Research & Development Co компаниясы жұмыс жүргізуде. Эпидемияның алғашқы орталығында адамдарға сынақтан өткізудің екінші кезеңі басталды. Алғашқы кезеңінде үш жас тобындағы 96 адам вакцина алған болатын. Барлық еріктілер бақылауда, қауіпті жағдай байқалған емес. Вакцинаның қауіпсіздігі және тиімділігін анықтауды аяқтауға бір жылдай уақыт кетуі мүмкін. Қытай үкіметі шұғыл қолдану үшін (адамдардың белгілі бір тобына, мысалы медицина қызметкерлері) вакциналардың бірі қыркүйек айында дайын болып қалуы мүмкін екенін жеткізді. Ауруларды бақылау орталығының басшысы Гао Фу жалпы халық үшін вакцина дайындау келесі жылдың басында қолға алынуы ықтимал екенін айтты.
Ал швейцариялықтар қазан айына дейін вакцина дайындауды мақсат тұтуда. RBD-вакцина дайындаумен Берн университетіндегі Иммунология институтында Мартин Бахман зертханасында жұмыстар жүргізілуде. Ғалымдар клиникалық тестілеу жұмыстарын күзге дейін анықтап, содан соң азаматтардың тәуекелді тобын вакцинациялауды бастауды көздеуде. Дегенмен, елдегі бақылау органдары бұл мерзімге әлі күдікпен қарап отырғаны жасырын емес.
Израиль мемлекетінде сәуір айында биологиялық зерттеу институты ойлап шығарған вакцина түрлерін тестілеу басталды. Сынақтар қорғаныс министрлігіне қарасты биохимиялық лабораторияда кеміргіштерге жасалуда. Адамдарға жасалатын алғашқы клиникалық сынақтар жаз айларында басталады деп жоспарланған. Тестілеу алты айдан тоғыз айған дейін созылады деп күтілуде.
Нидерланды елінде коронавирусқа қарсы БЦЖ вакцинасын сынақтан өткізуге байланысты алғашқы зерттеулер басталды. Алдын ала зерттеулер БЦЖ вакцинасы COVID-19-ға қарсы белсенді күрес жүргізетінін көрсетті. Онымен айналысып жатқандар – Утрехт қаласындағы медицина университетінің ғалымдары. Елдегі сегіз аурухананың жүздеген медицина қызметкеріне вакцина тестілеу жүргізілді.
Австралиялық ғалымдар да нидерландық әріптестері жүріп өткен жолмен келеді. Мұнда төрт мыңдай медицина қызметкерлеріне вакцина егілген. Оның нәтижесін ғалымдар жыл бойына бақылайтын болады.
Ал италиялық ғалымдар коронавирусты жеңе алатын вакцинаны әлемде бірінші болып жасап шығарғанын мәлімдеді. Олар сынақты кеміргіштерге жасап, олардан алынған антидене адам клеткаларына жұққан COVID-19 вирусын тоқтататынын анықтаған. Жақын арада адамдарға тестілеуді бастауды ұйғарып отыр.
Алайда ұлыбританиялық ғалымдар бұл хабарға онша сене қоймайтынын білдірді. Кейбір сарапшылар тестілеуден өткен вакцинаның өзі емес, иммундық жауап деген пікір білдірді. Ол адам организмінде тіпті басқа нәтиже көрсетуі деген ойды айтады.
Иә, қауіпсіз және тиімділігі мол вакцина кез келген инфекциялық аурудың алдын алуда ең сенімді тәсіл. ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесустің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 70-ке жуық мемлекет коронавирусты емдеу тәсілдері мен оған қарсы вакцина шығару бағытында жұмыс жүргізуде. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
Вакцина дайындауға неліктен барлық мемлекеттер атсалысуда? Егер де вакцина дайын болса, оны барлығына жеткізу қиын болмақ. Мәселен, бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Үнді мемлекеті жасап шығарса, ол өз тұрғындарын толық вакциналаудан өткізіп болмай басқаларға бере қоймайтыны анық. Сондықтан барлығы да өзгенің қолына телміргеннен көрі өз өнімдерін жасап шығарғанды қалайды.
Бас директор ДДСҰ вакцина дайындау барысындағы белсенділікті қолдайтынын, оның тезірек жасалғанын және барлық елдерге әділ түрде таратылғанын қалайтынын жеткізді. Бірақ, мамандар пікірінше бірқатар нюанстар бар. Вакцинаға сынақ жасап жатқан мемлекеттер қысқа мерзімде жаппай вакцинациялауға қол жеткізе алмайды. Ол үшін кемінде бір не екі жыл, тіптен одан да ұзағырақ уақыт керек. Ешкім де толық тексеріліп, дәлелденбеген өнімді нарыққа шығара алмайды. Бұл – ғылыми-медициналық әлемнің берік ұстанған қағидасы. Иә, адамдар жаңа індеттен өліп жатыр. Бірақ, вакциналар тексерілген болуы тиіс.
Сонымен бірге мамандар экспериментальды түрде болса да алдағы күз айларында вакцинациялау басталатынын жоққа шығармайды. Бірақ бұл белгілі бір топтарға жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының жалғасы іспеттес болмақ.
Ғалымдар, сондай-ақ, вакцинаны дайындап жатқан кезде жаңа вирустың беталысы қалай болатын болжау қиын екенін айтады. Мысалы, 2002-2003 жылғы эпидемия кезінде біршама адам қайтыс болды. Көп ұзамай оған қарсы вакцина дайындау жұмыстары тоқтап қалды. Өйткені, сол кездегі вирус із-түзсіз жоқ болып кетті де, вакцинаға сұраныс болмай қалды. Қазіргі вирус та солай жоқ болып кетуі мүмкін. Ал жаңа вирус мутацияға (өзгеріске) ұшыраса не болмақ? Егер вакцина жасалып шығарылса, оны жаңа мутацияға бейімдеп отыру проблема емес дейді бұл жөнінде мамандар. Бір анық нәрсе бар. Коронавирустың алғашқы толқыны вакцинасыз өтетіні белгілі болып отыр. Сондықтан, вакцинамен қатар, оны емдеудің тың тәсілдерін іздестіре берген дұрыс.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<