Ведомстворалық комиссия отырысы өтті

8

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомстворалық комиссия отырысы өтті.

Күн тәртібінде мереке кезіндегі қауіпсіздік шаралары, кәмелетке толмағандар, бұрын сотталғандар арасындағы құқықбұзушылық профилактикасы, аумақтық ведомствоаралық комиссия қызметінің қорытындылары, комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланды.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Облыста «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдарымен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Білім беру ұйымдарының барлығына ювеналды, учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдер бекітілген. Құрамында прокуратура, полиция, білім беру, жастар ұйымдарының өкілдері бар мобильді топтар құрылып, түнгі рейдтер мен арнайы профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі.

Суицидке бейім балаларды ерте анықтау үшін 181 мыңнан астам бала жаппай диагностика мен сауалнамаға қатыстырылды. «Сенім телефоны», «111» ұлттық байланыс желісі арқылы тұрақты кері байланыс қамтамасыз етілген. «Aдал бала» цифрлық білім беру платформасы

300 мектепке енгізіліп, құқықтық мәдениет, қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік, буллингтің алдын алу бағытында сабақтар өткізіліп келеді.

Бұрын сотталғандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, оларды әлеуметтік бейімдеу, жұмыспен қамтуда да кешенді жұмыстар қолға алынған. Қазір полицияның профилактикалық есебінде

542 адам бар. Қайта қылмыс жасаудың алдын алу үшін бақылау, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілді. Белгіленген 92 квота бойынша осы жылы босатылған, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар жұмыспен қамтылды.

Үкіметтік емес ұйымдар арқылы қайта әлеуметтендіруге 14,7 млн. теңге бөлініп, әлеуметтік жобалар іске асты. Жұмыссыз ретінде тіркелген 344 адамның 231-і тұрақты, 50-і уақытша жұмысқа орналастырылды.

«Бастау Бизнес» жобасымен 31 азаматқа 48,6 млн. теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді, 25 отбасы 13,6 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек алып, 162 азаматқа 2,9 млн. теңге қайырымдылық көмек көрсетілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі