Вейпке тыйым салу арқылы балаларды қорғаймыз – депутат

501

0

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев вейптерге тыйым салатын заң нормасы қалай қабылданғанын айтып берді.

«Бұл шешім жетінші шақырылымнан бері талқыланып келеді. Үкімет қандай да бір қатаң реттеуді енгізуге мүмкіндік берді, біздің фракция бірнеше рет Премьер-министр мен Денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына бұл мәселені айтты. Жетінші шақырылымда бұл мәселе комитетіміздің іс-шаралар жоспарына енгізілді. Ортақ шешімге келе алмадық және қатаң реттеуді енгізе алмадық. Базарларда, Алматының барахолкасында қап-қабымен сатылып жатыр. Кеше қоғамдық балалар қоры 400-ге жуық жасөспірім қатысқан әлеуметтік сауалнаманы жариялады. Зерттеу көрсеткендей, Алматы мен Астана жастарының 80%-ы вейп қолданады. Бұл қорқынышты, осы тыйым арқылы балаларымызды қорғаймыз деп ойлаймыз», – деді Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс кулуарында.

Депутаттың айтуынша, мұнда көлеңкелі сауда да болуы мүмкін.

«Біз тыйым салған синтетикалық есірткі мен снюс бойынша сұр нарық бар. Көлеңкелі сауда барлық уақытта да болады, бірақ ең бастысы – біз кем дегенде балаларды қорғаймыз. 10-12 жастағы балалар енді электронды темекі сатып ала алмайды», – деді ол.

Сондай-ақ тілшілер депутаттан неліктен темекіге тыйым салынбайтынын сұрады.

«Келісемін. Бірақ біріншіден, кез келген ата-ана баланың темекі шегетінін иісінен біле алады. Ал вейпті анықтау өте қиын, олар құлпынай сияқты тәтті иіс шығарады. Тіпті панда түріндегі жарнамалар балаларға бағытталған. Вейпті әкелуге, таратуға, сатуға тыйым салынады. Оған әкімшілік айыппұлдар көзделеді. Санкциялар пысықталып жатыр, олар әкімшілік кодекске қатар енгізіледі», – деді Елнұр Бейсенбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<