Ветеринариялық талаптар қатаң сақталуда

359

0

Облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар облысқа түгелдей дерлік жеткізіліп, қазіргі күні бекітілген 6 айлық алдын ала егу жоспары толық орындалды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп мәлімдеді.

Басқарма басшысы хабарлағанындай,  мүйізді ірі қараның тейлериозы мен пиплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақау секілді жануарлардың энзоотикалық ауруларына қарсы дәрі-дәрмек алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен қаржы бөлініп келеді. Басқарманың ұйымдастыруымен облыстың эпизоотикалық картасы жаңартылған. Атап өтерлігі, облыс көлемінде соңғы рет 2015 жылы уақ мал арасынан анаэробты энтеретоксемия және пастереллез ауруы тіркелген. Ветеринария саласында жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр. Ал брюцеллез ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде облыс бойынша 76 бас МІҚ 73 уақ мал ауру болып анықталып, ветеринариялық-санитариялықталаптарға сәйкес сойылған.

Брифинг барысында журналистер қаңғыбас иттер мен  мысықтарды аулап жоюға аудандық және қалалық бюджеттерден барлығы 43,4 млн теңге бөлініп, қазіргі күнге дейін 15487 бас қаңғыбас ит пен мысықтар ауланып жойылғаны туралы естіп білді. Басқарма басшысы облыс бойынша мал қорымдарының жалпы саны 146 болса, оның 75-і ғана ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келетінін жеткізді. Биыл талапқа сәйкес келетін 6 қорым салу жоспарланып отыр. Аймақта 34 мал сою алаңы және 4 мал сою пункті бар. Бұл нысандарда аттестатталған ветеринариялық дәрігерлер қызмет атқарады. Жыл басынан бері 7068 бас МІҚ, 1204 бас уақ мал, 1431 бас жылқы, 155 бас түйе ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес сойылып, тұтынушыларға жеткізілген.

Облыста мал ұрлығының алдын алу мақсатында «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жануарлары ұрлығының алдын алу, ветеринариялық ілеспе құжатсыз тасымалдау фактілерінің жолын кесу және ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР АШМ «АШЖБ» дерекқор базасына енгізу іс-шаралар жоспары» қабылданып отыр. Қазіргі таңда осы жоспарға сәйкес жауапты мамандар тізімі жасақталып, бірлескен рейдттер жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері ветеринария саласына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Басқарма басшысы оларға қатысты 370 нұсқама және 2,2 млн теңгені құрайтын 93 айыппұл салынғанын мәлімдеді.

«СБ» ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<