Кеше Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-миниcтрі Серікәли Мұқатаев жұмыс сапарымен Сыр еліне арнайы келді. Вице-министр аймақ тұрғындарымен кездесіп, министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар туралы, оның ішінде Сыр бойында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде кең көлемде атқарат ұсынды.
Өңір тұрғындарымен кездесуде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев шараның маңыздылығын атап өтіп, вице-министрге сөз кезегін ұсынды. Серікәли Мұқатаев кездесу барысында алдымен аймақтың орман шаруашылығы, қоршаған оратаны қорғау, геология, су, сондай-ақ балық және жануарлар дүниесін қорғау салаларының даму бағыттарынан бастады.
Сонымен қатар, вице-министр облыс тұрғындарын алаңдатып отырған Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу мәселесі, өңірдің су, балық шаруашылығы саласын дамыту, аймақтың экологиялық жүйесін жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту, сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуіл егу және орман қорын көбейту мен молайтуға байланысты мәселелерді тілге тиек етті. Кездесуге келген тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын вице-министрге тікелей жолдады.
Жұмыс сапарының екінші және үшінші бөлігінде Серікәли Мұқатаев БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, қоғамдық бірлестік өкілдері мен жергілікті тұрғындар арасында жеке қабылдау өткізді. Вице-министр қабылдауға келгендердің түйіткілді мәселелерін тыңдап, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<