Волонтерлар жылының басталуына орай жастар кеші өтті

311

0

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған Жастар жылын қорытындылап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйғарымымен Волонтерлар жылы басталуына орай М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жастар кеші болып өтті.

Колледж директоры Бақытжан Сайлыбаев жастарды Волонтерлар жылының басталуымен құттықтай отырып, осы жыл еншісінде Абайдың 175, Әл-Фарабидің 1150, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтілетіндігіне де ерекше мән берді. Сонымен қатар, ұжым басшысы өткен Жастар жылы аясында колледж қол жеткізген табыстарда студент жастардың үлесі мол екендігін айта келе, олардың бірнешеуіне тоқталды.

Атап айтар болсақ, «WorldSkills Kazakhstan» кәсіби шеберлік республикалық чемпионатына студенттеріміз – Аяулым Сарманова қатысып, ІІ орын, күміс медаль алса, Ақселеу Арленкеева «Үздік жас маман» арнайы медальонын иеленді. Нұрылла Досбол, Тоқмырза Әлия, Тұрсынбай Ақбота сынды студенттеріміз ҚР колледждерінің «ТОП 100 студенттері» қатарында. Нұрылла Досбол мен Тұрсынбай Ақбота Алматы қаласында өткен ІІ Қазақстан жастары форумына да қатысты. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Республика студенттерінің ХҮІ шақырылымындағы белсенді студенттер қатарында Ешмұратов Бекзаттың болғанын да мақтанышпен айта аламыз. Колледж студент жастары «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы ұйымдастырған «Менің Туым, менің Отаным!» патриоттық акциясына қолдау жасап, ҚР Мемлекеттік Туына деген құрмет үлгісін көрсетті. Ерлікке тағзым мен отансүйгіштіктің ерекше форматтағы үлгісі – «Мәншүк маршы» дәстүрін жалғастыруда. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  «Тәуелсіздік – тұғырым» атты жалпыреспубликалық челленджін  құрметпен қабыл алып, Қызылорда облысының студент жастарына жолдадады. 2019 жылы облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған математика, физика, информатика, орыс тілі, қазақстан тарихы пәндерінен пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жалпы жыл көлемінде студенттеріміздің 31 халықаралық, 181 республикалық, 295 облыстық түрлі деңгейдегі байқау, олимпиада, сайыстарға қатысып, жүлдегер атанғаны да колледж үшін үлкен абырой. 2019 жылы колледжді бітірген 401 студенттің 62%-ы жұмысқа орналасса, 22,6 %-сы жоғарғы оқу орнына түскенін де біз бүгін мақтанышпен айта аламыз.  Жыл соңындағы басты табыс  – «Nur Otan» партиясы және «Jas Otan» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының ұйғарымымен колледж жастар ұйымы «Жылдың үздік жастар ісі жөніндегі комитеті» номинациясына ие болды.

Шара барысында студенттердің  осындай табыстарға жетуіне мол үлес қосқан бір топ ұстаздар марапатталды.  Жастар кешіне «Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Тілет Талғат Оспанұлы қатысып, бір топ көшбасшы студенттерді марапаттап, Еріктілер жылының символын табыстады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<