Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары Император Нарухитомен кездесуден басталды. Президент қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Императорына ризашылығын білдірді. Қазақстан халқы Күншығыс елінің тәртібі мен табандылығын әуелден үлгі тұтатынын атап өтті. Сондай-ақ екі елді өзара құрмет пен түрлі саладағы табысты ықпалдастыққа негізделген байырғы достық қатынастар біріктіретінін жеткізді.
Император Нарухито Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Жапония мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихында елеулі уақиға ретінде қалатынын және екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынын айтты.
Мемлекет басшысы мен Император өзара ынтымақтастық мәселелері және халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапары барысында Токиодағы Мейджи Джингу синто ғибадатханасына барды. 1920 жылы салынған кешен императорлық киелі орын саналады. Оның аумағында 120 мыңға жуық ағаш пен жасыл желегі бар саябақ орналасқан.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта Жапонияда білім алып, түрлі салада қызмет етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен кездесіп, дамыған елдің тәжірибесін зерделеу маңызды екенін айтты.
Әрі қарай Тошиаки Эндо бастаған Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесу өткізіп, оның қызметіне жоғары баға берді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Салтанатты қарсы алу рәсімінде Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Санаэ Такаичи бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Содан соң Премьер-министр офисінде қазақ-жапон келіссөздері басталды. Мемлекет басшысы Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді.
– Бұл сапар – шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды. Екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.
Жапониядағы ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен, Жапонияда білім алып, он жылдан бері ірі халықаралық жарыстарда көш басынан көрініп жүрген Ерсін Балтағұлмен, Токио губернаторы Юрико Коикэмен, Sumitomo компаниясының президенті Шинго Уэномен, Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахарумен, Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен, Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огавамен, Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакимен кездесіп, Токио қаласындағы БҰҰ университетінде дәріс оқыды.






