Уақытпен үндестіктің жарқын үлгісі Қызылордада зәулім спорт ғимараты бой көтеруде

297

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс орталығының сол жағалауында бой көтеріп жатқан жаңа стадион күннен-күнге жергілікті жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып келеді. Бұл – елімізде тәуелсіздік жылдарында іргесі қаланған үшінші стадион. Қазірге дейін «Астана-арена», «Түркістан-арена» секілді спорттық ғимараттар ел игілігіне айналды. Ендігі кезекте Сырдың бас қаласында зәулім спорт нысаны бой тіктеп келеді.

Екі жылдай бұрын жергілікті жанкүйерлермен жүздескен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев олардың жаңа стадион салу жөніндегі ұсы­нысын құп алды. Былтыр облыс басшылығының қолдауымен жаңа стадионның іргетасы қаланды. Бүгінде құрылыс басынан қызу тіршілікті көресіз.

Облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының мә­лі­метінше, жаңа нысан УЕФА-ның үшінші санатының талабына толықтай сай келеді. Бұл талап бо­йынша ко­­ман­да еуро­­ку­­­бок­тың топ­­­тық ке­­зеңін­­де­гі ойын­­­­дарын да өз ста­­дио­нында өт­­­кізуіне мүмкіндігі бар. Мұн­да 11 мың жан­­­күйер емін-еркін сия­ды.

Жергілікті «Нұрлы тау» ком­паниясы ауқымды жобаны жүзеге асыру жұмысын қолға алған. Ком­пания облыста 2007 жылдан бері құ­рылыс саласында жемісті еңбек етіп келеді. Тәжірибелі ұжым аталған маңызды нысанның құрылысын жүр­гізу барысында да тыңғылықты ісімен көзге түсіп отыр.

Ауқымды жұмысты межелі мерзімінде аяқтауға күш салып келеді.

Стадион құрылысы қалай жүріп жатыр? Осы мақсатта құрылыс басына келген сәті­мізде бізді компания өкілі Дәурен Ташпенов қарсы алды. Алдымен болашақ стадионның ма­кетімен таныстық. Ал­ғаш­қыда 7 мың адамға арналған спорттық нысан қайта талқылау барысында тағы 4 мың адамға ұлғайтылған. Осылайша жо­баға түзету енгізілмек. Бұрын жан­­­күйерлер стадионның екі жа­ғын­да отырады деп жос­­пар­ланған еді. Енді екі қақпаның артында да екі мыңнан жан­күйерге арналған орындар орналасады.

– Айта кетсек, жаңа стадион үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Негізгі мақсат – онда ха­лықаралық деңгейде ойындар өткізу. Оған то­лықтай сай келеді. Әрбір мә­селеге жіті назар аударып отырмыз. Стадионның жалпы аумағы – 24323,8 шаршы метр. Ғимараттың ішкі бөлігінде тоғыз спорт залы, түрлі үйірмелер ор­наласады. Ол орындар да жас өрен­дердің тыңғылықты дайындық жа­сауына мүмкіндік туғызады.

Сондай-ақ дренажды жүйе мәселесі ескеріледі. Ол жауынды күндерде судың тез сіңіп кетуіне оң әсерін тигізеді. Бұл жұмыс шетелдік жауапты мамандардың қадағалауы бо­йын­ша жүзеге асады, – деді ол.

Атап өтерлігі, жанкүйерге арналған орындардың төбесі металл шатырмен жабылады. Бұл – құрылыстың маңызды тұ­сының бірі. Компания мамандарының аталған істен мол тәжірибесі бар. Бұрынғы жылдары металл құрылғыларын жасаумен айналысқан. Трибу­наның биіктігі мен жанкүйер орны еуропалық стандартқа сай келеді. Стадионға келген әрбір адам еш кедергісіз ойынды тамашалай алады. Бұ­рынғы стадиондағы секілді шатырды тіреуге арналған құ­бырлар орнатылмайды. Оның орнына ашық кеңістік, оты­руға қолайлы орындықтар қо­йылады. Бұл адамға жайлы. Металл құрылғының барлығы жергілікті жерде дайындалған. Жанкүйерге қолайлы болу үшін екі табло қойылады. Сол арқылы стадионға келушілер көбірек ақпарат алады. Оған қоса әрбір орындыққа нөмір жазылады.

Сондай-ақ УЕФА талабы бойынша стадион айналасында 1000 автокөлікке арналған тұрақ болуы тиіс. Алғашқыда ол 200 автокөлікке жоспарланған еді. Қазір кеңейту жұмыстарына мән беріліп отыр. Жанкүйерге қолайлы жағдай туғызу үшін арнайы жол салынады. Ал солтүстік трибуна жағынан серуендеуге арналған аллея іске қосылады. Онда түрлі ағаш пен гүлдер егіледі. Бұл көпшілік үшін жайлы орынның бірі болмақ. Оңтүстік және солтүстік трибуна аралығында кафе мен жеңіл тамақтар сататын орындар орналасады. Аталған орындар жалға беріледі.

Шығыс бөлі­гінде олим­пиадалық спорт түрлерінен арнайы үйірмелер жұмыс іс­тейді. Олардың төбесі биік болады. Ал батыс трибуна «Қайсар» футбол клубына беріледі. Онда киіну бөлмесі, суға түсу орны, жаттығу және акт залы және өзгеде ғимарат­тар қарастырылған. Әрбір трибуна бойынша тоғыз кіру орны белгіленеді. Сол арқылы жанкүйердің стадионға емін-ер­кін енуіне ба­рын­ша қолайлы жағ­дай жасалады.

Жоба бо­йын­ша лазерлік жарық­тандыру көз­делген. Ал ста­­дион ай­на­ласына егі­ле­тін ағаштар мен өзге де жасыл желек Қызылорда кли­матына толықтай сай келеді.

– Құрылысқа пайда­ланып жатқан барлық ма­териал – жергілікті өнімдер. Олардың қатарында газоблок, кірпіш, металл, шыны және тағы басқа материалдар бар. Қазіргі уақытта құрылысқа 200 адам мен 20 техника тартылған. Жұмыс басталмастан бұрын бұл аумақ тегістелді. Сондай-ақ 2,5 метр тереңдікте іргетас қаланды. Ол құрылыстың мықты болуына дәнекер, – деді Д.Ташпенов.

Жаңа құрылыста заманауи жетіс­тіктер ойластырылған. Мәселен, жарық сөніп қалған жағдайда қо­сымша ди­зельді генератор іске қо­сылады. Ал оны қаптауға арналған шы­ны соққыға төзімді және жа­рық­тың шағылысуына ар­налған.

Қысқасы, бұл – Қызылорда қаласының тарихында ірге көтерген ең маңызды нысанның бірі. Облыс әкімінің батыл бастамасымен жүзеге асып жатқан бірегей жоба халықтың игілігі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<