Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Жарасова Гүлжан Сағидуллақызымен кездесу өтті. Жиынға университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Каримова, профессор-оқытушылар құрамы, құрылымдық бөлім басшылары, жас ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары мен студенттер қатысты.
Гүлжан Сағидуллақызы өз баяндамасында еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызына тоқталып, университеттердің академиялық дербестігін арттыру, білім сапасын көтеру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында салалық министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Сонымен қатар комитет төрағасы QS британдық агенттігінің рейтингісі бойынша Қорқыт ата университетінің алғаш рет әлемдік мықты оқу орындары қатарына кіргенін атап өтті. Соңғы 5 жыл бедерінде Еуропа Азияның беделді университеттерімен бірлескен инновациялық және қосдипломды жаңа 39 білім беру бағдарламасы іске қосылды. Гүлжан Сағидуллақызы 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда қазіргі таңда студенттер контингентінің 2,2 есе, ал мемлекеттік грант негізінде оқитын білім алушылардың саны 4,8 есе артқанын айтты. Комитет төрағасы Гүлжан Жарасова сырбойылық білім ордасының әлеуетін дұрыс жолға бағыттап, толымды жетістіктерге бастаған университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызының басқа қызметке ауысатыны жөнінде хабарлады. Университет ұжымы жаңалықты тебіреніспен қарсы алды.
Университет қызметкерлері мен білім алушылары ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызын жаңа қызметке қимастықпен шығарып салды.
Ағарту саласының ардагерлері Ректордың 6 жылға жуық атқарған қызметіне жоғары бағасын беріп, университеттің өсіп-өркендеуі жолында қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ұжым ерекше ілтипатпен Бейбіткүл Сәрсемханқызына құрмет көрсетіп, алдағы жаңа қызметіне табыс тіледі. Сыр өңірінің басты білім ордасын түлетуге аянбай атсалысқан ректорге университеттің ең жоғарғы марапаты «Қорқыт Ата атындағы Алтын медаль» табысталды.
Өз кезегінде ректор Мемлекет басшысы мен сала министрінің тапсырмаларын орындау барысында қолдау білдіріп, әр бағдарлама пен жобаны тиянақты әрі жауапкершілікпен жүзеге асырғаны үшін ұжымға риясыз алғысын білдірді.
«Қасиетті қара шаңырақ – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қызметкерлерімен бірге ғылыми-зерттеу жұмысынан түсетін табысты 9,3 есеге өсірдік. Министрліктің қолдауы және ұжымның ерен еңбегінің арқасында соңғы 6 жылда ғылымнан түскен табыс 2 608 591,0 мың теңгені құрап отыр. Жас ғалымдарды қолдауға арналған ішкі гранттардың да сомасы едәуір артты. Сіздермен бірлесіп, оқу процесінің ішкі материалдық базасын жаңарттық. 2020 жылдан бері 185 аудитория жөнделіп, жаңарған кітапханалар ашылды. Ботаникалық бақ жаңғыртылып, жылыжай тәжірибе алаңына айналды. Шетелдік ғалымдарды тартуға, ғалымдарды әлемнің озық университеттерінде тағылымдамадан өтуіне, жалпы студенттердің қолайлы ортада алаңсыз білім алуы үшін бар қажыр-қайратымды салдым десем болады. Ұжымның ауызбіршілігі мен адал еңбегінің арқасында көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін», – деді Бейбіткүл Каримова.
Жиын соңында жергілікті жыршы-термеші Руслан Ахметов арнау орындады.






