«Ынта, талап және көңіл – кәсіптің анасы» шағын және орта бизнес

31

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы жылдардағы стратегиялық даму бағытын айқындап, кәсіпкерлікке ерекше назар аударды. Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатыны сөзсіз. Шағын және орта бизнесті қолдау да басты назарда.

Президенттің айтуынша, ұлттық экономиканың қозғаушы күші – шағын және орта бизнес. Сондықтан әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік органдардың жұмысын «бизнеске қызмет көрсету» қағидасына көшіру міндеті қойылды. Ендігі жерде кәсіпкерлерге түсінікті ережелер қалыптасып, олардың құқықтарын қорғау тетіктері күшеймек.

Қазір кәсіпкерлік саласы елімізде дара жолға түсіп даму үстінде. Оның бір айғағын Арал ауданынан да байқауға болады.

Ауданда кейінгі кездері жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіп игергендер көбейіп келеді.

Биыл ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектінің саны 4885-ке жеткен. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 4723 болса, үлесі 96,6 пайызды құрайды. Нәтижесінде 7449 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Арал аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ренат Жанаев айтып берді. Ол бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 23,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 159,1 пайыз болды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Атқарылған жүйелі жұмыстың жемісі. Сондай-ақ бөлшек және көтерме сауда көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл қаңтар-қараша айындағы  бөлшек және көтерме сауда көлемі 12,9 млрд теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 100,3 пайыз болды, – дейді ол.

Сондай-ақ бөлім басшысының айтуынша, ауданның экономикалық әлеуетіне тікелей ықпал ететін салаларда даму қарқыны айтарлықтай жоғары. Өңірде өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі өндірісінің оң динамикасы қалыптасқан. Нақты айтар болсақ, өнеркәсіп орындары 33,7 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 110,6 пайыз болған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 22,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 110,5 пайызға жетіп, өсім байқалды.

«Ынта, талап және көңіл – кәсіптің анасы» шағын және орта бизнес

Инвестиция көрсеткішінде де өсу бар. Аудан­ның негізгі капи­талына салынған инвестиция көлемі 49,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 163 пайызды құраған. Оның ішінде жеке сектордың үлесі – 16,2 млрд теңге.

Қаржылай қолдау

Кәсіп бастаймын дегенге мемлекеттен қолдау бар. Қайта­рымсыз грант жеңіп алғандар кәсіп ашса, енді бірі дамытуда. Ол қаржының көлемі де жыл­дан-жылға артып келеді. Жеңіл­детілген несие де талай кәсіптің алға жылжуына септігін ти­гізуде.

Биыл мемлекеттік бағдар­ла­малар мен жалпы қаржы инс­титуттары арқылы 2857,2 млн теңгеге 115 жоба несие­лен­дірілді. Атап айтар болсақ, «Аграрлық несие корпора­циясы» АҚ арқылы құны 491,7 млн теңгеге 32 жоба жүзеге асты. Ал «ІІ дәрежелі банктердің жеңілдетілген несиелері» ар­қылы 12, «Байқоңыр» ӘКК несиесі («Ауыл аманаты») арқылы 53, «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығы»  ар­қылы 12, «Байқоңыр» ӘКК несиелері «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы арқылы 2 және 2024-2025 жылдар аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъек­тілері үшін мемлекеттік грант­тар беру арқылы 4 жоба қаржыландырылды.

Мемлекеттік қолдаудың ар­қасында кәсібі өрге дома­лаған­дардың бірі – Сержан Каримол­даев. Ол қайтарымсыз грант жеңіп, «Консервіленген балық консервілерін өндіру» жобасын қолға алды. Оның кәсіппен айна­лысып жүргеніне 5 жылдан асты. Бастапқыда балықты алып-сатумен айналысқан ол бү­гінде өңдеуге басымдық беруде.

– Негізгі мамандығым – заң­гер. Ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет еттім. Саладан зейнетке шыққаннан кейін кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Аралдың балығына сұраныс жоғары екенін ескере келе балық сатумен айналыс­тым, – дейді ол.

Кәсіпкер ісі алға басып, сұраныс арта бастайды. Ол саланың қыр-сырын меңгере жүріп, нарыққа балықты өңдеп ұсынудың тиімдірек екенін аңғарады.

– Былтыр кәсіпті кеңейтіп, балық өңдеуге қажет құрал-жабдық алу үшін қаржы іздей бастадым. «Қызылорда» Өңір­лік инвестициялық орта­лығы» азық-түлік өндірісіне арналған жобаларды қаржыландырып жат­қанын естіп, талаптарымен таныстым, өтініш бердім. Нәти­жесінде жеңілдікпен 60 млн теңге несие алдым, – дейді кәсіпкер.

Қаржыға балықты таза­лай­тын, турайтын, тұздайтын және вакуумдайтын, сондай-ақ кон­сер­вілейтін аппараттар, түрлі тоңазытқыштар сатып алған.

– Мемлекеттің осылай қар­жылай қолдауы жаңа дең­гейге шығуға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын тек тұздалған балық шығарып келген болсақ, енді жаңа құрал-жабдықтардың арқасында тұтынушыларға тар­тылған балық өнімдерін, тұз­далған уылдырық пен ысталған балық шығарып жатырмыз. Сонымен бірге бұл өнімдерді өзіміз вакуумдеп ұсыну мүмкіндігіне ие болдық. Ендігі меже – консервіленген балық өндіру. Бұйырса, жақын күндері нарыққа шығарамыз, – деді Сержан Каримолдаев.

Кәсіпкер бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта 30-ға жеткізуді көздеуде. Айына 20 тоннаға дейін өнім өндіреді. Балық өнімдерінің басым бөлігі Ресейге экспортталады екен.  Қытайдан да сұраныс түсіп жатыр. Ол үшін шығаратын өнімді тапсырыс берушілердің талабына сай етуі қажет. Қазір осы бағытта тиісті шараларды жүзеге асырмақ.

Ал жеке кәсіпкер Зәуреш Өрекешова қайтарымсыз грант арқылы «Түйе етінен шұжық өнімдерін өндіру» жобасын қолға алса, Арсена Кужанова мұндай қаражатына «Жергілікті шикізаттан емдік сабын өн­діруді» бастаған. Индира Жұмашева грант есебінен «Эко­логиялық аймақта жаңа тех­нология бойынша түйе жүнінен жасалған бұйымдар өндірісін» жүргізуде.

Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Нұртуған Өксікбаевтың ай­туынша, биыл 146 адамға қайтарымсыз грант берілген. Осылайша кәсібін бастап, кеңейткендер табысқа жетуде. Сондай-ақ бас маман азық-түлік бағасы да ба­қы­лауда екенін жеткізді.

«Ынта, талап және көңіл – кәсіптің анасы» шағын және орта бизнес

Жыл басынан «Бай­қоңыр» ӘКК тұрақтандыру қорынан ау­дандағы бекітілген опера­тор­ларға босатылған тауар­лар бойынша барлығы 179,88 тонна өнім тасымал­данған. Бағаны тұ­рақ­тандыру мақсатында 2026 жылдың соңына дейін негізгі азық-түлік сататын 10 сауда орны­мен меморандум жасал­ған.

Бұдан бөлек қазіргі таңда ауданда 600-ден аса кәсіпкерлік нысан бар. Олар 2 базар, 4 сауда қатары, 360-қа жуық азық-түлік дүкені, 13 дәріхана, 130 жеңіл өнеркәсіптік цех, 13 тойхана, 56 қоғамдық тамақтану орны, 35 жеке балабақша, 19 қонақүй бизнесі және тағы басқа.

Инвестициялық жобалар

Биыл аудан көлемінде жалпы құны 9 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланған болатын. Оның ішіндегі құны 3,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Атап айтар болсақ, «Ase Invest» ЖШС «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру» жобасын, құны – 300 млн теңге және 10 адам жұмыспен қамтылған, «Sinooil» ЖШС «Жанар-жағармай құю станциясын салу» жобасын (құны – 500 млн теңге) іске асырды. Бұл ретте «Қарашалаң балық» ЖШС-ның «Арал қаласында балық өңдеу зауытын ашу» жобасы да бар. Құны – 422 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылған.  Одан әрі «Petro Retail PFS» ЖШС-ның «Жол бойы қызмет көрсету орталығын ашу» жобасын айта кеткен жөн. Жоба құны – 2 млрд теңге.  Мұнда да 10 адам еңбек етеді.

Жыл соңына дейін құны 5,8 млрд теңге болатын 3 жоба іске асырылу сатысында. Олар – «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу», «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» және «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-ның «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көп­функционалды жол бойындағы кешен салу» жобасы.

Ал 2026-2027 жылдар ара­лығында жалпы құны 169,6 млрд теңге болатын 11 жоба іске асырылмақ. Атап айтар болсақ, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Арал қаласында мотоцикл құрастыру зауы­ты», осы серіктестіктің «Жүн мен теріні бастапқы өңдеу, қалдықтарды және кондициялық емес шикізатты құрама жемге қайта өңдеу зауытының құрылысы», «New Castle Rock» ЖШС-ның «Кварц құмын байыту цехы», «Алаш Метан» ЖШС-ның «Арал қала­сының маңынан автомобиль газ толтыру ком­прессорлық станциясын ашу» және «Жаңа Арал» ЖШС-ның «Арал қала­сы­ның маңынан жол бойы сервистік қыз­мет көрсету орталығын және логис­тикалық орталық ашу» жобасы бар.

Сондай-ақ «Альхена» ЖШС-ның «Қуаттылығы 30 Мвт күн-электр станциясын салу», «Camel Pro» ШҚ-ның «Заманауи су сақтау технологияларды пайдалана отырып жоғары калориялық жоңышқа өсіру», «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның «Балық шаруашылығын ұйымдастыру», «Арал Проф Н» ЖШС-ның «Арал қаласында құрылыс материал­дарын өндіру бойынша база ашу», «Хан Батыр» ЖШС-ның «Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу» және  «Арал Сода» ЖШС-ның «кальций­лендірілген сода зауытын салу» жобасын игілікке айналдыру міндеті тұр.

Жалпы ауданда кәсіпкерлік және өнеркәсіп бағытында атқарылып жатқан жұмыс өте ауқымды. Жоғарыда аталған жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін әкелмек. Осы ретте кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Олардың шаруасы ширау үшін мемлекеттік қолдауды барынша тиімді пайдалану үшін мамандар, кәсіпкерлер табанды еңбек етуде. Кәсіп түбі – нәсіп деген осы.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»