Ынтымақтастықты нығайтқан алаң

9

0

Үндістан Республикасында 24 наурыз бен 2 сәуір аралығында Үндістан – Орталық Азия жастарының IV форумы өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды. Аталған жиынға Қазақстан атынан қатысқан делегаттардың қатарында Қызылорда облысының тумасы, жас ғалым Әли Асқар да бар.

Бұл форумға еліміздің әр өңірінен іріктеліп алынған, қоғамдық ойы қалыптасқан, ғылым мен әлеуметтік салада өзіндік бағыты бар 30 жасқа дейінгі 20 адам қатысты. Олар Орталық Азия елдері мен Үндістан арасындағы жас­тар дипломатиясын жаңа деңгейге көтеруге ба­ғытталған бастамаларға үн қосты.

Халықаралық форумның басты мақсаты – өңірлік ынтымақтастықты тереңдету, жас­тар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту, сондай-ақ ортақ даму бағыттары бо­йынша тәжірибе алмасу. Қазақстанмен қатар Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттерінің белсенді жастары қатысып, өзара пікір алмасты.

Форум бағдарламасы мазмұнды кездесулерге толы болды. Делегаттар әлемдік қаржы жүйесінің маңызды институттарының бірі – Bombay Stock Exchange пен ғылым мен технология саласындағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі – Indian Institute of Technology Bombay қызметімен танысып, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Үндістан Республикасының Жастар ісі және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен, Махараштра және Гоа штаттарының басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, халықаралық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

Әли Асқар – Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетінің «Физика педагогтерін даярлау» мамандығы бойынша магистратура түлегі. Қазір білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында ғылыми ізденіс жүргізіп, заманауи білім беру кеңістігінің жаңа мүмкіндіктерін зерделеуде. Жас зерттеушінің бұл бағыттағы еңбектері отандық білім беру жүйесінің сапасын арт­ты­руға және инновациялық дамуына серпін беруге бағытталған.

Сыр өңірінен шыққан жас ғалымның халықаралық деңгейдегі осындай беделді алаңда ел атынан сөз сөйлеуі – отандық ғылым мен білім саласының әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық жас­тардың жаһандық диалогтағы белсенді рөлін айғақтайды.

– Форум жаһандану дәуірінде жастардың рөлі мен жауапкершілігін жаңаша пайымдауға мүмкіндік берген мазмұнды алаң болды. Әр елден келген қатысушылардың, сондай-ақ үн­дістандық ғалымдар мен дипломаттардың көз­қарасы мен тәжірибесі ортақ мәселелерді кең ауқымда зерделеуге жол ашып, өзара түсі­ніс­тіктің жаңа деңгейін қалыптастырудың маңызын айқындай түсті.

Мен үшін бұл сапар тек тәжірибе алмасу ғана емес, сонымен бірге өзім айналысып жүрген білім беру саласындағы зерттеулерді ха­лықаралық деңгейде саралап, олардың даму перспективасына жаңаша көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. Әсіресе, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу мәселесінде түрлі елдердің ұстанымдарын салыстыру тың ғылыми тұжырымдар жасауға негіз қалады.

Осындай кездесулер жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, елдер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты тереңдетуге қызмет етеді. Бұл – тек бүгінгі диалог емес, болашақтағы бірлескен дамудың берік іргетасы деп есептеймін, – дейді ол.

«СБ» ақпарат