«Құқықтық сауаттылық – заман талабы»

309

0

Қызылорда қаласындағы көпсалалы «Ұлағат-Қызылорда» колледжінде «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шара ұйымдастырушылары Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығы. Кездесуге облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы  М. Ермекбаев, Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы О.Қарабалаев және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қызылорда филиалының менеджері С.Махмудов арнайы шақырылды.

Кездесу мақсаты – жастардың құқықтық сауатын жетілдіру, қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеу.

Шара барысында сөз алған полиция капитаны О.Қарабалаев әкімшілік және қылмыстық заңнамалардың негізгі ережелерін түсіндірді, жасөспірімдер арасында орын алып жатқан құқық бұзушылықтар, оның алдын алу бойынша жасалып жатқан шаралар туралы баяндады: «Бүгінде халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың бір ұшы азаматтардың құқықтық сауаттылығының жетік болуына байланысты. Құқықтық сауаты жоғары азаматтар мемлекетіміздің нығайып, өркендеуіне кепіл болатыны белгілі. Қазіргі таңда өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылып отыр. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескере келе, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жастардың бойында дұрыс құқықтық тәрбие мен құқықтық білім беруіміз керек», – деді.

Ал, әділет департаментінің өкілі М. Ермекбаев департаментпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер түрлерін, оларды алудың тәртібін және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу барысында орын алған құқықбұзушылықтар болғанда заңға сәйкес әрекет ету жағдайларын түсіндіріп берді.

«Туған жер» қоғамдық қозғалысы» Қауымдастығының төрайымы К. Еримбетова Елбасының мемлекеттік бағдарламаларына арқау болған жастар мәселесі, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер жайында сөз қозғаса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілі С. Махмудов «7-20-25» бағдарламасы, «Орда» бағдарламасы арқылы тұрғын-үй алу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Іс-шараға қатысқан колледж оқытушылары мен студенттері өз сұрақтарын қойып, жауап алды, алғыс айтты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<