Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспары бекітілді

204

0

Бүгін Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспарын таныстырды. Отырыстың қорытындысымен құжат бекітілді.

Өңірді дамытудың кешенді жоспары 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады. Олар – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.

Аймақ басшысы ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралғанын атап өтті.

«Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Жоспар құны – 219,7 млрд.теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 156,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 50,6 млрд. теңге және басқа көздерден 12,4 млрд. теңге болатын 119 іс – шараны іске асыруды қамтиды», – деді аймақ басшысы.

ҚР Премьер – министрі Асқар Мамин «Кешенді жоспарды іске асыру өңірдің дамуына оң серпін беретінін» атап өтті.

Айта кетейік, өңірдің даму жоспары 2019 жылғы 21 мамырдағы республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<