Қызылордада аутизм күніне орай спорттық шара өтті

350

0

Өткен сенбіде Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жүгіру марафоны өтті. Жалпы ұзындығы 5,5 шақырымды құраған жүгіру Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы жариялаған 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне арналды. 
Марафонға 16 мен 60 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Жарыс жолы «Сыр Ана» монументінен бастау алып, Тәуелсіздік даңғылы арқылы Есенов көшесіндегі Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионнан аяқталды. 
– Біз аутизм туралы тек бүгін емес, әркез айтуымыз керек. Бұл толық айығарлық емі табылмаған дерт. Сондықтан аталған дертпен біріге күресуіміз керек. Бүгінгі шараға осынша халықтың жиналғанына қуанып қалдым. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деді Руслан Рүстемов.
Аталған қор «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын іске асырып келеді. Еліміздің алты қаласында осы күні «Асыл Мирас» аутизм орталықтары құрылды. Қызылордада бұл орталық 2016 жылдан жұмыс істейді. Бүгінге дейін 500-дей отбасына көмегін тигізген.  
Спорттық жүгіруге қатысушылар аталмыш шара барысында 5,5 шақырым қашықтықты бағындырды. Бұл акцияға Қызылорда облысының әкімдігі, психологиялық түзеу орталықтары, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары мен еріктілер қолдау көрсетті. Жарысқа барлығы 700-ден астам адам қатысты. Оған қатысушы азаматтар жас ерекшелегіне байланысты төрт санатқа жіктелді. Әрбір санат бойынша жеңімпаз бағалы сыйлықтарға ие болды.
«Көптеген азаматтар аутизм туралы аз біледі. Өмірден көріп жүргеніміздей, мұндай балалар кез келген салада жетістікті бағындыра алады. Осындай шаралар арқылы біз ондай жандардың ерекше әлемін көрсетпекпіз», – деді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов. 

Жүгіру жарысында әртүрлі деңгей бойынша Расул Төребек, Оксана Бикчурина, Марат Қарамергенов және Гүлназ Іздібаева жеңіс тұғырына шықты. Көрсеткіш бойынша мәре сызығын бәрінен бұрын М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің студенті Расул Төребек кесті. Ол алты жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықпен, естелік медальмен марапатталды.

Дәулет Қырдан,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<