Қызылордада мемлекеттік қызметкерлерді кәсіпкерлікке оқыту басталды

282

0

Қызылордада мемлекеттік қызметкерлерді  кәсіпкерлікке оқыту басталды Қызылордада облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасы   мемлекеттік қызметкерлерге арналған бірлескен «Мемлекеттік сектордағы менеджмент» тақырыбындағы білім беру жобасын бастады. Аталмыш жобаға облыс әкімдігінен 35 млн.теңге бөлініп отыр.

  «Өздеріңізге белгілі, кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең әуелі адами ресурстардың даму деңгейіне  байланысты.  Өңірдің   инвестициялық тартымдылығын  көтеру үшін алдымен адами капиталдың дамуына көңіл бөліп, аталмыш саладағы өзекті мәселелердің шешімін іздеу қажет. Қазіргі жылдам өзгерістер жағдайында заманауи басшыдан стратегиялық ойлау және стандартты емес шешімдер қабылдау талап етіледі. Бүгінде мұндай талаптар үлкен қалалардың басшыларына ғана емес, шалғай, ауылдық жерлердегі басшыларға да қолданылуда. Осындай басшы болу үшін базалық университеттік білім мен практикалық тәжірибе жеткіліксіз. Бүгінгі басшыға – басқару технологияларын білумен қатар, әр түрлі экономикалық жағдайларды моделдеу және бизнес-процесстерді тиімді басқаруда жаңа идеяларды табу, жүзеге асыру қабілеттері қажет. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күннің барлық деңгейдегі басшыларға басқарушылық бизнес-білім қажет. Бұл мәселені шешу үшін біз өткен жылы облыс әкіміне кәсіпкерлік саласына қатысты басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметкерлерді оқыту туралы ұсыныспен шыққан болатынбыз. Ұсынысымыз қолдау тауып, міне бүгін алғашқы оқу күнін бастап жатырмыз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Ұйымдастырушылардың мұндай жобаны жүзеге асырудағы мақсаты өңірде кәсіпкерлікті дамыту барысында билік пен бизнестің әріптестік негізде, бір толқында жұмыс жүргізуіне жағдай жасау. «Кәсіп бастаймын деген азамат алдына келгенде мемлекеттік қызметкер кәсіпкерге не керек екенін, мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай қолдаулар көрсетуге болатынын біліп, көмек көрсете алатын деңгейде болуы керек. Яғни бүгінгі мемлекеттік қызметкер бизнестің тілінде сөйлей білуі қажет»,- дейді ұйымдастырушылар.

  Бүгін ауылдық округ әкімдері оқуларын бастап кетті. Мамыр айынан басталған оқу қыркүйек айына дейін жалғасады. Осы аралықта 200-ден астам мемлекеттік қызметкерлерді және 30-дан астам кәсіпкерлерді оқыту жоспарлануда. Мемлекеттік қызметкерлер арасынан негізгі басымдық ауылдық округ әкімдеріне берілді.

Курсқа қатысушыларды елімізге белгілі бизнес-тренерлер Қазыбек Шайх, Меруерт Жүнісбек, Анна Пацюк, Ахметбек Нұрсила, Сұлтанбек Тұлтабаев, Озат Байсеркеев оқытатын болады.  

Айта кету керек, биылғы жыл Қызылорда облысында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланды. Осы мақсатпен өңірде арнайы Жол картасы қабылданып, жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысы 

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<