Қызылордада әпкесі інісіне бүйрегін беріп, ажалдан арашалап қалды

366

0

Қызылордалық Күміс Сырымбетова науқас інісіне бүйрегін беріп, ажалдан арашалап қалды, деп хабарлады «Бақ.кз».
Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығында тұратын Күміс Сырымбетова туған інісі Өтегеннің өмірін сақтап қалуға себепкер болған. Бұл 2015 жылы болған жайт еді. Отбасыдағы ұлдың кішісі Өтеген 2013 жылы ауыр науқастанады. Бастапқыда мән бермеген, кейін жағдайы ауырлай береді. Дәрігерлер сараптама жасап, бүйрек жеткіліксіздігі деген диагноз қойған.
«Бүйрек кіп-кішкентай ағза болғанымен, адам денсаулығындағы атқаратын қызметі зор. Бойдағы бүкіл қанды сүзгіден өткізіп, ағзаға керексіз сұйықтықты сыртқа шығарып тастаумен айналысады. Егер бүйрек істен шықса, улы заттар денеге жайылып, ісіріп жібереді. Осылайша оның қалыпты жағдайының бұзылуы адам қуатын кемітеді ғой. Інімнің осылай науқастанып жүргенін білетінмін. Кездесіп қалсақ, жүдеу түрін көріп, қатты қиналатынмын. Бүйрек ауруының асқынған түріне тек гемадиализ ғана уақытша көмектеседі. Оны қабылдаудың өзі науқас жанға оңайға соқпайды. Аптасына 3 рет соған баратын. Бірде кезекті қондырғы қызметін пайдаланған соң, інім үйіне баруға мұршасы келмей, біздікіне әрең жетті. Таңға дейін тыныстауы әбден қиындық туғызған бауырымның қиналғаны есіме түссе әлі күнге дейін жүрегім езілгендей күй кешемін. Сол жылы ағам мен жеңгем қайтыс болып, отбасымызда үлкен қаралы оқиға орын алған. Інім де солардың қатарына қосылмасын деп менде де дегбір қалмады. Біресе жылаймын, біресе Алладан көмек сұраймын», – дейді Күміс Сырымбетова.
Сондай сынақты сәттің бірінде ол «Жан бауырым, осыдан бүгін түннен аман қалып, бала-шағаңа қосылсаң, жараса өз бүйрегімнің бірін саған беремін» деген екен.
«Бұл сөз ауырып жатқан менің сана саңылауына жарық беріп, ертеңге деген үмітімді оятқандай болды. Көп ұзамай әпкеме барып, бұдан ары шыдай алмайтынымды айттым. Күміс те тәуекелшіл ғой, дәрігерге барайық, іске кірісейік деді. Қазалы аудандық емханадағы нефролог маманға барып, мән-жайды білдік. Дәрігер Айнұр Берденова бұл істі кешеуілдетуге болмайтынын түсіндірді», – дейді Өтеген.
Сырымбетовтерге Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» бағарламасы аясында квота бөлініп, Қазақстандағы жетекші медициналық кешен А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығында ота жасату мүмкіндігіне ие болады.
«Сол күннен бастап сараптама жұмыстары басталып кетті. Айтуға оңай көрінгенімен, талдама ісінің өзіндік талаптары жоғары екен. Бірге туғанмен бір-біріне параметрлері бойынша бүйрек, қан топтары сәйкес келмейтіндер болатын көрінеді. Біздікі, Алла оңдап, аталғандардың барлығында ұқсастық табылды. Маған ауыр тигені, отағасына айту болды. Шаңырақтың иесі, жарым Болат Абибуллаев алаңдағанымен, артынша мұндай оталардың біразы жақсы аяқталғанын айтып, қанаттандырды», – дейді Күміс Сырымбетова.
2015 жылы 5 қазан күні таң алдында басталған орган ауыстыру операциясы бес жарым сағатқа созылады. Мамандар Күмістің бүйрегін Өтегенге орналастыру отасын сәтті аяқтайды.
«Жансақтау бөлімінің бөлмесінде көзімді ашсам, маңайым толған ақ халаттылар. Менің жайымды қадағалап тұр екен. Кең әрі түрлі қондырғылар қойылған бөлмеден Өтегенді іздей бастадым. Менің қорқынышым, өзімнің ертеңім қандай болады емес, інімнің үмітін орындай алдым ба деген үрейлі ой болды. Айналама көз салып, бөлменің сол жағындағы шеткі бұрышта ары қарап, денесіне жамылғы жабылған, төсек үстіндегі бауырымды үрпиген шаштарынан тани кетіп, қатты қуандым. «Демек, інім аман екен. Ауылға бірге қайтатын болдық!» деп шаттанған көңілімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жағдай солай болды. Мен оны міндет те, мақтан да етпеймін. Қайта Алланың жіберген жәрдемі арқасында бауырымыз екеуіміз бірге өмір кешіп жатқанымызға шүкір деймін», – деген кейіпкеріміз ауруханадан шығып бара жатқанда 18 жасар баласына бүйрегін бермек болған ананың көз жасын сүртіп, рухтандырып, тағы бір сауапты іске себепші болады.
Айта кетейік, Күміс Сырымбетова бүгінде тігіншілікпен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өзінің де, інісінің де денсаулығы қалыпты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<